Түркістан облысында 801 елді мекеннің 769-ы заманауи мобильді интернетпен қамтамасыз етіліп отыр. Қалған 32 ауылды байланыс жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Өңірде байланыс сапасын арттыру бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Мәселен, облыс аумағындағы 196 аумақта 5G базалық станциясы жұмысын бастады. Байланысы әлсіз деп танылған 95 аумақтың 72-сіндегі түйткілдер толық шешімін тауып, қалған елді мекендерді жыл соңына дейін сапалы интернетпен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 372 ауылға жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылуда.
Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқан. Қазіргі таңда өңірде 1834 бейнебақылау камерасы тәулік бойы жұмыс істейді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалану арқылы қосымша 8000 камера мен 750 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталды. Бұл шаралар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға айтарлықтай үлес қоспақ.
Бұдан бөлек, облыста бірқатар тың цифрлық бастамалар іске асырылуда. Атап айтқанда, мектептердегі интернет сапасын онлайн режимде қадағалау, әкімдік қызметіне арналған жасанды интеллект көмекшісін іске қосу, геоақпараттық портал арқылы заңсыз құрылыстарды анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын жетілдіру қолға алынды.
