ТҮРКІСТАНДА 880 ПӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев шаһар аумағында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және жол жөндеу нысандарында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Әбілсейіт Байсейітұлы жаңадан салынып жатқан атшабарға баратын жолдың құрылыс барысын бақылады. Жоспарға сәйкес, ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын жолға екі қабатты асфальт төселіп, жарықшамдары орнатылған. Бүгінде жолдың екі жағынан аяқжол төсеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сондай-ақ, Бекзат тұрғын алабында жалпы ұзындығы 8,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу барысында жол негізін әзірлеу, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт жабындысын төсеу, жол жиектерін ретке келтіру, сондай-ақ бір жақты аяқжол салу жұмыстары атқарылуда. Одан бөлек, Отырар тұрғын алабында да ауқымды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Онда Шаян, Ойсылқара, Келес және оларға іргелес көшелерді қамтитын, жалпы ұзындығы 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Шаһарда жол инфрақұрылысымен қатар тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Әбілсейіт Байсейітұлы 5 қабатты 22 кредиттік тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Жалпы аумағы 8,4 гектарды құрайтын кешенде 880 пәтер салынып жатыр. Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары басталған. Нысандарды аралау барысында қала әкімінің орынбасары мердігер ұйымдарға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар