Түркістанда жасанды интеллект арқылы әзірленген «Түркістан сақшылары» мультфильмінің тұсаукесері өтті

Түркістанда жасанды интеллект арқылы әзірленген «Түркістан сақшылары» мультфильмінің тұсаукесері өтті. Бұл ұлттық анимациялық жоба балаларды тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және заманауи технологияларды қолдануға бағытталған.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, прокурор орынбасары Даулет Тлемисов және жоба авторлары қатысты. Ертай Алтаев мультфильмнің тәрбиелік маңызын атап өтіп, жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен тарихқа құрметін арттыру қажеттігін айтты.

Мультфильмнің ұзақтығы – 50 минут. Ол тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды цифрлық дәуірге бейімдеуге және құқықтық мәдениетті дамытуға арналған. Жоба аясында балаларға тазалық, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіп пен жауапкершілік туралы түсінік беріледі.

Тұсаукесерде мультфильмнің тизері көрсетіліп, интерактив ойындар мен аниматорлар балаларға көңіл-күй сыйлады. Жоба «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында «Turkistan» телеарнасы тарапынан жүзеге асырылды. Бас продюсер – Уәли Қыдыр, идея авторы – Ғасыр Құралбайұлы, режиссер – Еркебұлан Шуашов.

Түркістан облысында 700 мыңнан астам бала мен жасөспірім білім алып жатыр. Сондықтан тәрбиелік және ұлттық мазмұндағы сапалы медиа өнімдер әзірлеу маңызды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар