ТҮРКИЯЛЫҚ БАЙҚАУШЫЛАР ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУДЫҢ АШЫҚТЫҒЫ МЕН ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙІН АТАП ӨТТІ

Қазақстанда өткен маңызды саяси науқан халықаралық деңгейде кеңінен назарға алынып, шетелдік сарапшылардың оң бағасына ие болды. Соның ішінде Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта бастаған Nurullah Bodur, Talip Bakir және Mehmet Ari сынды беделді халықаралық байқаушылар елдегі дауыс беру үдерісінің барысын тікелей бақылап, оң пікірін білдірді.

Шетелдік делегация мүшелері сайлау учаскелерінің жұмысымен жан-жақты танысып қана қоймай, азаматтардың өз еркіндігін жүзеге асыруы үшін жасалған жағдайларға ерекше назар аударды. Әсіресе, мүгедектігі бар жандардың дауыс беруіне қажетті инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлардың қарастырылуы халықаралық стандарттардың толық сақталғанын көрсетті.

Рухани астана – Түркістан қаласына арнайы келген байқаушылар бұл сайлау науқанының тек саяси үдеріс қана емес, сонымен қатар нағыз мерекелік көңіл күйде өткенін жеткізді. Олар халықтың белсенділігі мен ұйымшылдығы Қазақстанның демократиялық жолмен тұрақты дамып келе жатқанының айқын дәлелі екенін атап өтті. Сапар барысында тараптар екі ел арасындағы әріптестік пен өзара түсіністік мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Сөз соңында Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта Қазақстан мен Түркияны байланыстырып тұрған тарихи-мәдени тамырдың тереңдігіне тоқталып, бауырлас мемлекеттің болашақ бастамаларына сәттілік тіледі және ізгі лебізін жеткізді.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар