СОЗАҚ: БИЫЛ 92 ПӘТЕР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛЕДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің, азаматтардың тұрмыс сапасын арттырудың және елдің тұрақты дамуының негізгі шарты. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы ұстанымы айқын және жүйелі. Осы бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірлерінде белсенді жүргізілуде. 

Созақ ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жіті бақылауына алды.

Алдымен аудан басшысы Жеткіншек шағынауданында жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Бұл аумақта тұрғындарға қолжетімді баспана ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда.

Бүгінгі таңда Жеткіншек шағынауданында екі қабатты 3 тұрғын үйдің (жалпы 24 пәтер) құрылысы толық аяқталып, пайдалануға әзір. Сонымен қатар, екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің, яғни 26 пәтердің де құрылысы тәмамдалған. Осылайша, Жеткіншек шағынауданында барлығы 50 пәтерлі тұрғын үйлер ел игілігіне беруге дайын тұр.

Аталған баспаналар заманауи талаптарға сай салынған. Травертинмен қапталып, жылу және су жүйелері толық тартылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, түсқағаздары жапсырылған. Бұл тұрғындарға жайлы және сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, тағы 13 тұрғын үйдің (26 пәтер) құрылысы 90 пайызға аяқталған. Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен «Жаңғырту бағдарламасы» аясында бой көтеріп жатқан екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы да жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Осылайша, биыл Созақ ауданында барлығы 92 пәтерлі жаңа тұрғын үйлер ел игілігіне табысталады деп күтілуде.

Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аталған құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасына ерекше назар аударды. Жауаптыларға құрылыс талаптарының сақталуын және мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды. Бұл, әсіресе, халықтың сенімін арттырып, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.

Тұрғын үй құрылысымен қатар, аудан орталығындағы әлеуметтік нысандардың да құрылыс барысымен танысты. Аудан орталығындағы «Жастар саябағында» салынып жатқан жаңа арбат пен кітапхана ғимаратының құрылыс барысымен де танысты.

Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне бағытталған арбатта келушілерге қолайлы жағдай жасау, аумақты абаттандыру және жасыл желекпен көмкеру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл жастардың рухани дамуына және қаланың көркейуіне ықпал етеді.

Ал жаңа кітапхана ғимараты қазіргі заман талабына сай жабдықталып, оның ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанның сыртқы қасбеттері де травертинмен қапталуда. Бұл кітапхананың заманауи білім беру және мәдени орталық ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.

Жалпы, Созақ ауданындағы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқаны, әсіресе, қолжетімді баспана мәселесінің шешілуіне бағытталған ауқымды жұмыстардың атқарылуы халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жұмыстар Президенттің әлеуметтік әділеттілікке бағытталған саясатының нақты көрінісі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар