ШЫМКЕНТТЕ ДРОНДАР ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкенттің аумағын пилотсыз аппараттармен бақылау күшейтілді. Енді заңсыз қоқыс полигондарына қарсы әуеден барлау жүргізіліп, тәртіп бұзушыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туып отыр. Шымкент қаласы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ «Smart Shymkent» жобасы аясында қаланы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаны іске қосты.

Стратегиялық нысандарды бақылау үшін 5 дрон бір мезетте әуеге ұшырылып,  қаланың бес ауданы аумағындағы заңсыздықтардың алдын алуға жұмылдырылды. Енді әрбір күмәнді әрекетке қатысты фото-видео дәлелдемелер нақты уақыт режимінде басқару орталығына жолданады.

Жоба заңсыз құрылыс пен жер иемденуді автоматты анықтап, қоқыс алаңдарын жедел мониторингілеуге, құрылыс барысын фото-бейне бақылауға алып, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге  көмектеседі.
Биыл геопорталдың ғарыштық түсірілімі арқылы 46 қоқыс үйіндісі анықталды. Осының нәтижесінде өзен-көлдің жағалауы мен сай-салаларға заңсыз күл-қоқыс тасталғаны белгілі болды. Сала мамандары «ақылды жүйе» арқылы осындай орындарға ұдайы мониторинг жүргізуді ұсынды.

«Жыл басынан бері қала және аудан әкімдіктерінің ұйымдастыруымен 27 мың тоннадан аса қоқыс жиналып, залалсыздандырылды. Цифрлық технологияларды енгізу қоқыстарды бейберекет тастаудың алдын алуға, қала экологиясын дұрыстауға септігін тигізіп отыр» дейді Шымкент қаласы экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.
«Ақылды жүйемен» жабдықталған дрондар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, заңсыз құрылыстарды дер кезінде тоқтату үшін де қолданыла бастады. Сонымен қатар жол жөндеу мен әлеуметтік нысандардың жұмысы туралы шынайы деректер алуға пайдаланылады. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін де назарда ұстайды.

Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемеловтің айтуынша, бүгінгі таңда пилотсыз аппараттардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін байланыс сапасы күшейтілген. Жаңа базалық станциялар іске қосылып, 300-ден астам базалық станцияға жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Алдағы уақытта басқармалармен осы сияқты дрондарды жалға алу немесе сатып алу мәселесі қаралады. Пилоттық жоба сынақтан сәтті өтсе, келесі жылы өзге де салаларға енгізіледі» деді басқарма басшысы.

Жауапты мамандардың айтуынша, «Smart Shymkent» жобасы арқылы жасанды интеллектіні дамытып, жедел, қауіпсіз әрі қатесіз жұмыс жүргізу жоспарланған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар