ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 512 ОТБАСЫҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы баспана мәселесінің шешілуі – облыс тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Мемлекеттік Рәміздер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам өздерінің жеке баспанасына кілт алды. Шараның басты құрметті қонағы, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттерін табыстап, жүректі тебірентер қуанышты сәтті құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша халықтың әл-ауқатын арттыру және тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету елдің басты міндеттерінің қатарында тұр. Осы мақсаттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңіріміздегі тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың тұрғын үй мәселесі шешімін тапуда. Облыс әкімінің баяндауынша, былтыр облыс көлемінде 3564 азаматқа пәтер берілсе, биыл да 2292 пәтердің кілті табысталмақ. Ал бүгінгі салтанатты шара барысында тағы да 512 отбасының қуанышы еселеніп отыр.

Нұралхан Оралбайұлы жаңа баспана иелеріне тек құттықтау ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік шақыру жасады. Ол тұрғындарды аула тазалығын сақтауға, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды. Себебі, дәл осы аулада балалар өсіп, тәрбиеленіп, алаңсыз өмір сүреді. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдау арқылы әрбір тұрғын туған жерінің көркеюіне өз үлесін қосуы тиіс.

«Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің жаңа иелері арасында әлеуметтік осал топ өкілдері мен көпбалалы отбасылардың орны ерекше. Бұл жиын 2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы түбегейлі өзгерістердің нақты нәтижесін көрсетуде. Енді тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезектілігін жүргізу және баспана бөлу функциялары мемлекеттік органдардан «Отбасы банк» АҚ-ға толықтай ауысты.Бұл күні қоныс тойға жиналғандар – осы жаңа тәртіп бойынша «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, ресми жолдама алған алғашқы азаматтар.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар