Мемлекет басшысының тұрғын үй саясатындағы басымдықтарының бірі – халықтың баспаналы болуын қамтамасыз ету. Түркістандағы бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысының бастамаларының нақты іске асырылып жатқанын дәлелдейді. Тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі, әсіресе әлеуметтік маңызы бар баспаналардың салынуы, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Бұл тек пәтерлердің санымен ғана емес, сонымен қатар олардың сапасымен, қолжетімділігімен және әлеуметтік маңызымен де өлшенеді.
Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, халықтың баспаналы болуына бағытталған жұмыстар нәтижелі жалғасуда. Жыл басынан бері қалада 872 пәтер пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш халықтың тұрғын үйге деген қажеттілігін қанағаттандыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Аталған 872 пәтердің 440-ы – арендалық баспаналар. Бұл баспаналар әлеуметтік жағынан осал топтарға, жас отбасыларға және тұрғын үйге мұқтаж басқа да азаматтарға қолжетімді бағамен ұсынылады. Ал қалған 432 пәтер кезегінде тұрған отбасыларға табысталды. Бұл – көптен бері баспана күткен азаматтар үшін үлкен қуаныш.
Айта кетейік, былтыр орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 274,6 млрд теңгені құраған. Кейінгі үш жылда 1,2 млн шаршы метр, ал өткен жылы 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 млрд теңгені құрады.
Түркістан қаласындағы тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың саны әлі де жоғары. Қазіргі таңда қалада 23 370 азамат тұрғын үй кезегінде тіркелген. Бұл көрсеткіш, әрине, алда атқарылатын жұмыстардың ауқымды екенін көрсетеді. Осы орайда тұрғын үй кезегіне түгендеу жұмысы жүргізілгенін де айта кетелік. Нәтижесінде, 3026 азамат тізімнен шығарылыпты.
Жыл соңына дейін бұл мәселені шешуге бағытталған жұмыстар жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерлі 11 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоспардың толық орындалуы, тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың біршама бөлігінің баспаналы болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 512 пәтерлі 6 үйдің құрылысы толық аяқталады деп күтілуде.
Тұрғын үймен қамтамасыз етудің тағы бір маңызды бағыты – несие жүйесі. Биыл 2078 пәтер несие жүйесімен беріледі. Бұл азаматтарға өздерінің қажеттіліктеріне сай баспананы ұзақ мерзімді несие арқылы сатып алуға мүмкіндік береді.
Аталған пәтерлерге өтініштер «Отбасы банк» салымшыларынан және Түркістан облысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан қабылданады. Бұл, әсіресе, «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй сатып алуды жоспарлап жүрген азаматтар үшін қолайлы жағдай тудырады.
Жалпы, Түркістан қаласындағы тұрғын үй құрылысының қарқыны және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, халықтың баспаналы болуына деген үмітін арттырады. Алдағы уақытта да бұл жұмыстардың жалғасып, тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың санының азаюына ықпал ететініне сенімдіміз.
