Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2026 жылға арналған каскадты оқыту жоспарын жүзеге асыру аясында және алдағы Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлау науқанына жауапты дайындық мақсатында арнайы семинар өткізді. Іс-шара барысында қатысушыларға сайлау процесіндегі аумақтық комиссиялардың рөлі мен өкілеттіктері толықтай талқыланды.
Семинарда Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Ерімбетов сайлау комиссияларының басты міндеттері мен заңды жауапкершіліктеріне тоқталып, учаскелік комиссиялардың жұмысын үйлестіру, сайлау учаскелерін техникалық тұрғыдан жабдықтау және дауыс беру процесін ұйымдастыру мәселелерін нақтылап берді. Сонымен қатар, төраға сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес дауыс беру процесін жүргізу, байқаушылар мен қатысушылардың құқықтарын қорғау және дауыс беру қорытындыларын дұрыс жинақтау бойынша маңызды түсініктемелер жасады.
Іс-шараның екінші бөлігінде комиссия төрағасының орынбасары Ш.Сатыбалдиев қатысушыларға әдістемелік материалдарды таныстырып, тәжірибелік сипаттағы түсіндірмелер берді. Ал комиссия хатшысы Г.Калдарбекова Қазақстан Конституциясы мен сайлау заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістерге шолу жасап, нормативтік-құқықтық базаның жаңартылған аспектілерін түсіндірді.
Нәтижесінде, семинар қатысушылары үшін пайдалы ақпарат алмасу алаңына айналды. Комиссия мүшелері өзара тәжірибе бөлісіп, кәсіби біліктіліктерін шыңдап, алдағы үлкен сайлау науқанына сенімді түрде дайындалуға мүмкіндік алды.
