Мемлекетіміздің келешегі мен ұлттық рухымыздың мықты іргетасы әрбір отбасының беріктігінен және өнегелі тәрбиесінен бастау алады. Адалдық пен әділеттіліктің негізі – отбасылық тәрбиеде жатқаны анық. Отбасы – әділетті қоғамның қайнар бұлағы, тірегі. Осындай ұлағатты қағидаттардың жарқын көрінісін өмірін еңбекке және ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты аналардың өмір жолынан айқын көруге болады. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік пен патриотизм үлкен сөздерден емес, ел мен жер үшін төгілген адал терден, өнегелі өмірден басталады.
Осындай өнеге мен тағылымның тұнған мекені – 1942 жылы дүниеге келген Батыр ана Лескүл ӨТЕБАЕВАНЫҢ шаңырағы. Лескүл апа өз ғұмырын еңбекке арнап, Задария асыл тұқымды қой совхозында ұзақ жылдар бойы маңдай терін төгіп, адал еңбегімен абыройға бөленді, сол саладан құрметті зейнетке шықты. Еңбекқорлығы мен парасаттылығын өмірлік ұстаным еткен апамыз тек өндірісте ғана емес, отбасында да үлкен ерлік көрсетіп, он екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі таңда еңбегінің жемісін көріп отырған ардақты ана 46 немере мен 51 шөберенің сүйікті әжесі, үлкен әулеттің ұйтқысы болып отыр. Осындай өнегелі ғұмыр кешкен ананың өмір жолы – барша жас буын үшін нағыз патриотизм мен отансүйгіштіктің үлгісі.
Шаңырақтың берекесі мен ананың еңбегін бағалай білу – елдігіміздің белгісі. Қазан айының басында атап өтілетін Халықаралық қарттар күні қарсаңында қала әкімі Қайсар Маңқараев қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ізбасар Назаров және Арыс қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция майоры Тілектес Бердіқұлұлымен бірге Батыр ана Лескүл Утебаеваның шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Мәртебелі меймандар ақжаулықты ананың хәлін біліп, көрсеткен еңбегі мен ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор үлесі үшін алғыстарын білдірді. Келген қонақтарға ризашылығын білдірген Лескүл апа жүрегінен шыққан ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен амандығын тіледі.
Бүгінгі таңда осындай қадірлі жандарды ардақтап, өнегелі жолын насихаттау қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайта түседі. Еліміздің болашағы үшін адал еңбек етіп, ұрпағын отаншылдық рухта тәрбиелеген Батыр аналардың өмір жолы әрқашан үлгі болып қала бермек.
