ЖҰМЫСҚА КЕШІККЕНІ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛУҒА БОЛА МА?

Қызметкер жұмысқа кешігіп келсе немесе жұмыс барысында қателік жіберсе, жұмыс беруші оның жалақысынан ақша ұстап қала ала ма? Қазақстанның еңбек заңнамасында мұндай әрекетке қатысты нақты талаптар бар. Ең бастысы, жұмыс беруші еңбек тәртібін бұзғаны үшін өз бетінше ақшалай айыппұл белгілей алмайды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, жұмыс беруші қызметкерлерден еңбек тәртібін сақтауды және өз міндеттерін тиісінше орындауды талап етуге құқылы. Алайда жұмысқа кешіккені, қателік жібергені немесе басқа да тәртіп бұзушылықтары үшін ақшалай айыппұл салу Еңбек кодексінде қарастырылмаған.

Қызметкерге қандай тәртіптік жаза қолдануға болады?

ҚР Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін бұзған жағдайда жұмыс беруші мынадай тәртіптік шараларды қолдана алады:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • заңда көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.

Заңда көрсетілмеген өзге тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді.

Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Мұндай жағдайда заң талаптарын сақтай отырып, тәртіптік жаза қолдану мәселесін қарастыра алады.

Жұмыс беруші тәртіптік жаза қолданғанда нені ескеруі керек?

Тәртіптік жаза жұмыс берушінің қалауымен бірден тағайындалмайды. Алдымен қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етілуі тиіс.

Сонымен қатар жаза қолдану кезінде тәртіп бұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, оның қандай жағдайда болғаны ескеріледі. Яғни жұмыс беруші әрбір жағдайды жеке қарауға міндетті.

Қандай жағдайда жалақыдан ақша ұстауға болады?

Бұл жерде заңсыз айыппұл мен жалақыдан заңды негізде ұсталым жасауды шатастырмаған жөн.

ҚР Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан ақша ұстауға болатын жағдайлар нақты көрсетілген. Ал заңда көзделген кейбір өзге жағдайларда ұсталым қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі.

Демек, еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салу мен заңды негізде жалақыдан ұсталым жасау – екі түрлі ұғым.

Жұмыс беруші тәртіптік жауапкершілікті ақшалай айыппұлмен алмастыра алмайды. Еңбек заңнамасының талаптары екі тарапқа да ортақ: қызметкер еңбек тәртібін сақтауға, ал жұмыс беруші заңда белгіленген тәртіппен әрекет етуге міндетті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар