Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту. Бұл бағытта «Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Адал азамат» жобасының іске асырылуы ерекше рөл атқарады. Бұл екі бастама да қоғамдағы әділдікті, ашықтықты және жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Сайрам ауданында «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық филиалы «Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Адал азамат» жобасын іске асыру бойынша кездесу ұйымдастырды. Бұл кездесу Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің Ақсукент бөлімшесінде өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Мұрат Есалиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Тұрар Құдайбергенов, Е.Сарманов атындағы агроэкономикалық колледжінің «Студенттік ассамблеясының» төрағасы Нұрбану Мүталип, сондай-ақ этнос жастары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуде Базарбай Мамадиярұлы«Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Адал азамат» жобасының маңызына тоқталып өтті.
«Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Адал азамат» жобасы – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту үшін азаматтардың адалдығы, әділдігі және жауапкершілігі өте маңызды. Адал азаматтар заңды құрметтейді, оны бұлжытпай орындайды және қоғамдағы тәртіпті сақтауға белсенді атсалысады. Өз кезегінде, заң мен тәртіптің мызғымас негізі азаматтардың адал өмір сүруіне, өз құқықтары мен міндеттерін толыққанды орындауына жағдай жасайды» деп түсіндірді «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы.
Базарбай Мамадиярұлы жастарды, Мемлекет басшысы айтқандай, адал азамат болып өсуге шақырды. Адал азамат қандай болуы тиіс? Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласында өткен екінші отырысында «Адал азамат» ұғымына Президент терең мағына берді. Ол: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңірген жанды бір ауыз сөзбен «Адал азамат» деп сипаттауға болады» деп түсіндірген еді.
«Бұл тұжырым әділетті қоғамның тек заңмен ғана емес, сонымен қатар азаматтардың рухани-адамгершілік қасиеттерімен де тығыз байланысты екенін көрсетеді. Осы мақсатта жаңа қоғамдық этиканың қалыптасуы қажеттігін Президент ерекше атап өтті. Бұл этиканың негізінде ел бірлігі мен тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар жатуы тиіс. Бұл құндылықтар – қоғамның іргетасы, оларсыз тұрақты даму мүмкін емес» деді «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы.
«Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Мұрат Есалиев қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт керек: ең әуелі – ниет және күш, одан соң тәртіп керек» деген сөзін мысалға келтіре отырып, елдік мұратқа көп болып ұйып, күш біріктіргенде ғана жетуге болатынын атап өтті. Бұл пікір, қоғамның бірлігі мен ұйымшылдығының кез келген жетістікке жетудегі негізгі факторы екенін көрсетеді.
Тұрар Құдайбергенов өз сөзінде сандық технологияға қатысты сауаттылықтың төмендігі мен азаматтардың жеке ақпараттарына салғырт қарауы салдарынан кибералаяқтықтың көбейіп отырғанын айтып, «Цифрлық кодекс – сандық технологияны қару еткен қылмыскерлерге тосқауыл қоюдың пәрменді құралы болуы тиіс» деген ұсыныс жасады. Ол бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалардың рөлі сияқты маңызды мәселелер қамтылуы керектігін баса айтты. Бұл мәселе қазіргі цифрлық дәуірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзектілігін көрсетеді.
Кездесуге қатысқан басқа да азаматтар өз ойларын ортаға салып, «Адал азамат» ұғымының маңыздылығын, оның қоғамдағы рөлін, заң мен тәртіптің салтанат құруы үшін атқарылуы тиіс жұмыстарды талқылады. Жалпы, кездесудің негізгі мақсаты – Президенттің бастамалары аясында қоғамда әділдік, заңдылық және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын нығайту, «Адал азамат» тәрбиесін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жандандыру болды. Бұл шаралардың қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал ететіні сөзсіз.
