ТӨЛЕБИ: УСК МҮШЕЛЕРІНІҢ КӘСІБИ ДАЯРЛЫҒЫН АРТТЫРУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

Төлеби ауданының Мәдени ауылында учаскелік сайлау комиссиялары (УСК) мүшелеріне арналған оқу-семинар өтті. Бұл шара Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының бекітілген жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Семинарға Төлеби аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерхасен Тлеубердиев, оның орынбасары Раджу Сайлауұлы, сондай-ақ комиссия мүшелері Жанар Калубаева мен Зина Сарыпбекова қатысты. Ауылдық округ аумағындағы барлық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері іс-шараға белсенді атсалысып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Семинар барысында учаскелік сайлау комиссиялары қызметінің негізгі бағыттары жан-жақты қаралды. Тренингте сайлау процесін ұйымдастырудың құқықтық және практикалық аспектілері талқыланып, келесідей маңызды тақырыптар көтерілді: тренерлер пулын қалыптастыру, дағдарыстық және жанжалды жағдайларда әрекет ету алгоритмі, сайлау күніне дейінгі дайындық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, сайлаушыларды ақпараттандыру, аумақтық және учаскелік комиссиялардың үйлестірілген жұмысы, сондай-ақ дауыс беру, дауыстарды санау және қорытынды шығару рәсімдері бойынша мазмұнды баяндамалар тыңдалды.

Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алып, тәжірибе алмасты. Бұл ретте, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің білім деңгейін тексеру мақсатында арнайы тест тапсырмалары ұйымдастырылып, сайлау заңнамасы бойынша біліктіліктері пысықталды.

Осындай оқыту іс-шаралары сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, олардың жауапкершілігін күшейтуге және сайлау науқандарын заң талаптарына сай жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Заң үстемдігін, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін сайлау жүйесін қалыптастыру жолындағы мұндай оқыту жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар