Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Созақ ауданында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жолғы сенбілік Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағында өтіп, аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің белсенді қатысуымен өтті.
Акцияға аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ ауыл тұрғындары белсенді атсалысты. Жалпы саны 200-ге жуық адам жұмылдырылып, «Жасыл белдеу» аумағындағы қураған шөптер мен қоқыстар жиналды. Бұл игі бастамаға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков те қатысып, жұмыстардың барысын тікелей бақылады.
Аудан басшысы «Жасыл белдеудің» маңыздылығына тоқталып, тал көшеттерін күтіп-баптаудың экологиялық тұрғыдан да, эстетикалық тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Ол аталған аумақтың тазалығын тұрақты түрде сақтаудың қажеттілігін баса айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы көшелерді аралап, тазалықтың сақталу деңгейін саралады. Ол «Жастар саябағында» жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысын тексеріп, тұрғындар үшін қолайлы және жайлы орта қалыптастыру бағытындағы міндеттерді нақтылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру үшін жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктелді.
«Таза Қазақстан» акциясының бұл кезеңі Созақ ауданында экологиялық мәдениетті арттыруға, айналамызды таза ұстауға деген жауапкершілікті күшейтуге және тұрғындардың белсенділігін ынталандыруға бағытталған маңызды қадам болды. «Жасыл белдеудің» абаттандырылуы ауданның көркін кіргізіп, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағын құруға ықпал етеді деп сенеміз.
