Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелерінің мүлтіксіз сақталуы — заң мен тәртіптің басты талаптарының бірі. Осы мақсатта 2026 жылғы 19-23 маусым аралығында Отырар ауданы аумағында жолаушылар тасымалдайтын көлік құралдарының қызметін реттеуге бағытталған «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық көліктердің техникалық жай-күйін бақылауды күшейту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында жол қозғалысы ережелерінің сақталу деңгейін арттыру болып табылады.
Арнайы шара аясында Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан аумағындағы бағыттық автобустар мен шағын автобустарды, сондай-ақ заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын көлік құралдарын ерекше бақылауға алды. Рейдтік жұмыстар барысында көліктердің техникалық жарамдылығы, заңсыз қайта жабдықталу жайттары және жүргізушілердің тиісті құжаттары жіті тексерілді.
Тәртіп сақшылары жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар мен жеке жүргізушілер арасында заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізді.
Жолдағы қауіпсіздік — әрбір жолаушының амандығымен тікелей байланысты. Осыған орай, Отырар аудандық полиция бөлімі барлық көлік жүргізушілерін, әсіресе қоғамдық көлік тізгіндеген азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға және көлік құралдарының техникалық жарамдылығына күнделікті назар аударуға шақырады.
Жолдағы тәртіп пен өзара құрмет — қайғылы жағдайлардың алдын алудың бірден-бір жолы. Ұйымдастырылған бұл профилактикалық шара аудан көлеміндегі көлік қатынасы мәдениетін арттыруға және жол қауіпсіздігін сапалы деңгейге көтеруге септігін тигізбек.
