Бүгін Бәйдібек ауданында қысқы жылыту маусымына байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға Бәйдібек аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің Газ секторы мамандары, Бәйдібек аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, «QazaqGazAimaq» АҚ ТӨФ мамандары және Бәйдібек ауданының жастарынан құралған еріктілер тобы қатысты.
Түсіндіру жұмыстары Жамбыл, Жүзімдік, Тасқұдық елді мекендеріндегі жеке тұрғын үйлерде жүргізілді. Мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, газдан уланудың алдын алу жолдары туралы кеңінен түсіндірді.
Іс-шара барысында мамандар бірқатар кемшіліктерді анықтады. Атап айтқанда, кейбір үйлерде иран пештері орнатылған, ауа шығару жүйелері дұрыс қойылмаған, газ шлангтары жарамсыз болып шықты, сонымен қатар газосигнализаторлар орнатылмаған. Анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындарға ескертулер беріліп, тиісті актілер толтырылды.
Бәйдібек ауданы бойынша барлығы 9025 тұрғын үй бар. Бүгінгі күні оның 6875-іне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға ескерту кітапшалары таратылды. Түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, жылыту маусымы кезінде аталған іс-шаралар апта сайын ұйымдастырылатын болады.
Мамандар аудан тұрғындарын өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға, газды қолдану кезінде барынша сақ болуға шақырды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – әрбір отбасының амандығы мен қауіпсіздігінің кепілі.
Негізгі кеңестер:
Пештерді дұрыс орнату және олардың жарамдылығын үнемі тексеріп тұру;
Ауа шығару жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуін қадағалау;
Газ шлангтарын үнемі тексеріп, жарамсыз болса, дереу ауыстыру.
Газосигнализаторларды орнатып, олардың дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу.
Газды пайдалану кезінде бөлмелерді желдетіп отыру.
Газ иісі сезілген жағдайда, дереу есік-терезелерді ашып, газды пайдаланатын құралдарды өшіріп, пәтерден шығып, газ қызметіне хабарласу.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият оқып, орындау.
Бұл шаралардың мақсаты – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жылыту маусымындағы қауіп-қатерлерді азайту. Аудан әкімдігі мен тиісті бөлімдер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша атсалысып, бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге уәде берді. Тұрғындар да өз тарапынан қауіпсіздік ережелерін сақтап, мамандардың кеңестерін тыңдауға шақырылды.
