Шымкент қаласында Наурыз мерекесіне арналған онкүндік аясында Ұлттық киім күні кеңінен тойланды. Осы айтулы мерекеге орай, қалалық Концерттік-көрме орталығында жергілікті ұлттық киім дизайнерлерінің сән көрсетілімі мен көрмесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды. Шараның басты мақсаты – Наурыз мерекесінің рухын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұлттық киім индустриясын дамытуға қолдау көрсету болды.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, бұл шара отандық брендтерді қолдауға, қаланың имиджін көтеруге, келушілерге ұлттық киімді насихаттауға және өскелең ұрпақтың қазақы нақышқа қызығушылығын арттыруға бағытталған. «Біз жергілікті дизайнерлер мен қолөнер шеберлерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Олармен арнайы келісім жүргізіп, орындар беріп, бүгін шақырып отырмыз», – деді Бауыржан Орынтаев.
Сән көрсетілімінде жергілікті 11 дизайнер өздерінің бірегей киім үлгілерін ұсынды. Сәнгерлер ұлттық колоритті сақтай отырып, заманауи үрдістермен үйлестіре білген жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетті. Дефиледегі сұңғақ мойын сұлулардың барқыт, шыт маталарынан тігілген ұлттық нақыштағы бешпенттері көпшіліктің оң бағасын алды. Модельдердің ерекше нақыштағы көйлектері қазақ халқының бай мәдениеті мен экзотикасын айқын көрсетті.

Бұл мәдени шара елімізге танымал дизайнерлердің туындыларын ұсыну арқылы келушілерге ұлттық киім мәдениеті мен дәстүрін жақыннан танып-білуге, ұлттық мұраны жаңғыртуға мүмкіндік берді. Көрмеге келгендер қазақ халқының киім үлгілерінің сан алуандығына, олардың әрқайсысының өзіндік тарихы мен мағынасына куә болды.
Шымкентте өткен бұл сән көрсетілімі мен көрмесі ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен ұлттық мақтаныш сезімін оятуға үлкен үлес қосты. Мұндай шаралар ұлттық мәдениетімізді сақтап, оны келесі ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.
