Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында бизнесті қолдау және бағаны тұрақтандыру – маңызды бағыттардың бірі. Бұл мақсатта қалада бірқатар тиімді шаралар жүзеге асырылуда, соның ішінде әлеуметтік дүкендер ашу және азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру ерекше орын алады. Бұл бастамалар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолдау көрсетіп, азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда қаладағы 6 секторда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сататын 33 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Бұл дүкендердің 7-і биыл ашылған. Әлеуметтік дүкендердің негізгі мақсаты – тұрғындарға сапалы және қолжетімді азық-түлік өнімдерін ұсыну арқылы тұрмыстық шығындарды азайту. Бұл шара әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін үлкен көмек болып отыр.
Алдағы уақытта тағы 22 әлеуметтік дүкен ашу жоспарланып, олардың жұмысын ұйымдастыруға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл әлеуметтік дүкендердің санының артуы Түркістан қаласының тұрғындарына азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Сонымен қатар, қаланың 6 секторында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Жәрмеңкелер жергілікті өндірушілер мен саудагерлерді тікелей тұтынушылармен байланыстырады, ортадағы делдалдарды азайтады және осылайша бағаның төмендеуіне ықпал етеді. Мұнда әртүрлі азық-түлік өнімдері, соның ішінде ет, сүт өнімдері, көкөністер, жемістер, балық және басқа да қажетті тауарлар ұсынылады. Тұрғындар мұнда қажетті азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан төмен бағада сатып ала алады.
Бұл шаралар тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және бағаның негізсіз өсуін болдырмауға бағытталған.
Түркістан қаласының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы нәтижесінде әлеуметтік дүкендер мен азық-түлік жәрмеңкелері арқылы қала тұрғындарына қолжетімді және сапалы өнімдер ұсынылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қаладағы әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
