«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспарына сәйкес, аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің IV тоқсандағы отырысы өтті. Жиынға ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласатын азаматтар қатысты.
Отырысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім»» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық төрағасы Мұрат Есалиев қатысты.
Күн тәртібінде екі маңызды мәселе қаралды:
* Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің IV тоқсандағы атқарған жұмыстары туралы есеп.
* Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің 2026 жылға арналған іс-шара жоспарын талқылау.
Отырыс барысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Базарбай Айтбаев қоғамдағы тәртіп пен заңдылықтың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол: «Біздің қоғамға тән бір ерекшелік – өзгеден қатаң тәртіпті талап ете отырып, өзімізге келгенде босаңсып кету. Заң нормалары баршаға бірдей жұмыс істеп, әрбір азамат тарапынан мүлтіксіз орындалуы тиіс. Заң мен тәртіпті сақтауды өзімізден бастау керек», – деп атап өтті. Сондай-ақ, ол ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтудың маңыздылығын баса айтты.
Аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Алжан Райымбердиев өз сөзінде бірліктің адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі және ел болудың белгісі екенін атап өтті.
«Бірлік белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат-мүдделері тоғысынан туындайды», – деді ол өз ойымен бөлісіп.
Ауданның бас имамы Арыстан Оспанов адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш – қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі екенін айтып өтті.
Жиын соңында ақсақалдар ел игілігі үшін жасалатын істерге ақ баталарын беріп, отырысты қорытындылады. Кеңес мүшелері алдағы уақытта да қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыруға уағдаласты. 2026 жылға арналған жоспар аясында жастармен жұмыс, мәдени-рухани шаралар, сондай-ақ, аудан тұрғындарының әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар көтерілді. Бұл отырыс ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына үлес қосатын маңызды қадам болды.
