Отырар ауданының Қарақоңыр ауылдық округі – бұл 6 елді мекенді біріктіретін, 507 отбасыдан тұратын және 3132 тұрғыны бар өңір. Биыл бұл ауылдық округте елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында маңызды жұмыстар атқарылды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында атқарылған бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Биыл ауылдық округтегі көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар көшелерге асфальт төселді. Атап айтқанда: Ш.Қалдаяқов ауылының кіреберіс көшесі (1,5 км), Үшқоңыр елді мекені (0,35 км), Талап елді мекені (0,58 км), Жармұхаммедов елді мекені (0,44 км), Парасат елді мекені (0,9 км).
Бұл жұмыстардың аяқталуы көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың қаламен және басқа елді мекендермен байланысын нығайтады.
Ауыз сумен қамтамасыз ету – халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының негізі. Осыған орай, Сырдария елді мекеніне жаңа ауыз су жүйесі тартылды. Сонымен қатар, Қостүйін, Қарақоңыр және Ш.Қалдаяқов ауылдарының ауыз су жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Газбен қамтамасыз ету саласында да оң өзгерістер бар. Қостүйін елді мекенінде газ тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, бұл аталған елді мекеннің тұрғындары үшін маңызды жаңалық болып табылады.
Ауылдық округте бұқаралық спортты дамыту мақсатында маңызды жоба жүзеге асырылуда. Жобалық құны 742,7 млн. теңге болатын шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда нысандағы жұмыстардың 90 пайызы аяқталған. Бұл спорт залы ауыл жастары мен тұрғындарына спортпен шұғылдануға, денсаулықтарын нығайтуға және бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, елді мекендегі А.Дүтбаев көшесінің бойынан екінші балалар ойын алаңшасы салынды. Бұл алаңша ауыл балаларының қауіпсіз және қызықты ойын алаңдарына қолжетімділігін арттырып, олардың белсенді өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Қарақоңыр ауылдық округінде жүргізіліп жатқан жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауылдық округтің одан әрі дамуына үлес қосатыны сөзсіз. Инфрақұрылымды дамыту, инженерлік желерді жаңғырту және әлеуметтік нысандарды салу – бұл ауылдық жерлердің жандануына, жастардың ауылда қалуына және ауыл шаруашылығының дамуына серпін беретін маңызды қадамдар. Қарақоңыр ауылдық округіндегі бұл жетістіктер, әсіресе, ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың оң нәтижелерін айқын көрсетеді.
