МАҚТААРАЛДА ЖАСТАРДЫҢ КІТАП ОҚУҒА ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРАТЫН ШАРА ӨТТІ

Мақтаарал ауданында өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байыту мақсатын арқау еткен мазмұнды басқосу өтті. Нақтырақ айтқанда, Атакент ауылдық модельді кітапханасы Мақтаарал ауданы білім бөлімінің «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» КММ-нің балаларды жазғы сауықтыру қала сыртындағы базасында «Мен оқыған бір кітап» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді. Аталған іс-шара жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттайтын «Оқитын жастар – болашаққа кітаппен» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Бұл бастаманың ел болашағы үшін маңызы зор. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында елімізде «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру идеясын алға тартып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Мақтааралдық жастардың бұл басқосуы — осы жасампаз идеяны қолдаудың және іс жүзінде жүзеге асырудың жарқын үлгісі.

Іс-шара барысында демалушы лагерь тәрбиеленушілері мен белсенді жастар өздері оқыған шығармалар туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, туындылардың тәрбиелік мәні мен өмірлік тағылымын қызу талқылады. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың танымдық көкжиегін кеңейтуге де зор мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас буынның интеллектуалды әлеуетін көтеріп, ел Президенті алға қойған «Кітап оқитын ұлт» болу міндетін жүзеге асыруға қосылған нақты үлес болмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар