Бәйдібек ауданының Қазата ауылы жыл санап көркейіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған түрлі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл ауылдың дамуына деген ұмтылыстың айқын көрінісі. Соның жарқын мысалы ретінде жақында ғана ел игілігіне пайдалануға берілген заманауи ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңшасын атап өтуге болады.
Бұл игі бастама жергілікті бюджеттен бөлінген 25 миллион теңге қаржыға жүзеге асырылды. Мердігер мекеме «М Строй» спорт алаңшасын сапалы түрде салған. Алаң бетіне арнайы бетон төселіп, газон шеттері бекітілген. Ол ауылдың қатты желі мен ауа райына төзімді етіп жасалған. Жұмыс барысы мердігер мекеменің басшысы Бақдаулет Мұратбектің жіті бақылауында жүргізілген.
Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына аудандық мәслихат депутаты Ерғали Асанұлы қатысып, қазаталықтардың қуанышына ортақтасты. Депутат өз сөзінде: «Жаңа спорт алаңшасының ашылуы ауылдағы жастардың белсенділігін арттырып, олардың спортқа деген қызығушылығын оятады деп күтілуде. Бұл тек спорттық жағынан ғана емес, сонымен қатар ауылдың әлеуметтік өміріне де серпін береді. Жастардың бір жерге жиналып, спортпен шұғылдануы олардың арасындағы байланысты нығайтып, жағымсыз әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Мұндай жобалар ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттырып, жастардың қалаға көшуін азайтуға септігін тигізеді. Инфрақұрылымның жақсаруы, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндіктердің туындауы – бұл ауылдың болашағына деген сенімді арттырады», – деп атап өтті.
Салтанатты шарада нысанның лентасын ауыл ақсақалдары, аудандық мәслихат депутаты Ерғали Асанұлы және «М-СТРОЙ» компаниясының директоры Бақдәулет Мұратбек бірлесіп қиды.
Спорт алаңының құрылысын жоғары сапамен және мерзімінде атқарған «М-СТРОЙ» ЖШС компаниясы ауыл тұрғындарының алғысына бөленді. Атқарылған сапалы жұмысқа ризашылығын білдірген ауыл тұрғындары «М-СТРОЙ» компаниясының басшысы Бақдәулет Мұратбек мырзаға қазақы дәстүрмен шапан жауып, алғыстарын жеткізді. Бұл компания Түркістан облысының бірнеше ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандарды тұрғызып, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Бұл жаңа нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік береді. Бұл игі жоба соңғы жылдары ауданда қарқын алған ауылдарды жаңғырту бастамаларының бір нәтижесі болып табылады.
Қазата ауылындағы бұл игі іс – ауылдың абыройын асқақтатып, елдің еңсесін көтерген қуанышты жаңалықтардың бірі болды. Бұл жоба ауылдың болашағына деген сенімді арттырып, жастардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деген сенім бар.
ҚАЗАТА АУЫЛЫНЫҢ КЕЛБЕТІ КӨРКЕЙІП, ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ АШЫЛУДА
