Шымкентте полиция қызметін цифрландыру аясында халық көп жиналатын орындарда «SOS» дабыл түймелері іске қосылған. Шұғыл байланыс құрылғылары аялдама, алаңдар, сауда орталықтары, саябақ, базар және гүлзарлар секілді қоғамдық орындарда орнатылған.
«SOS»дабыл түймелері арқылы қала тұрғындары мен қонақтары қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына лезде хабарласып, құқық бұзушылық туралы хабарлай алады, сондай-ақ полицейлерден көмек сұрай алады.
Түймені басқан кезде полиция департаментінің жедел басқару орталығының (ЖБО) операторымен аудио-және бейнебайланыс іске қосылады. Құрылғылар кіріктірілген камералармен, микрофондармен және динамиктермен жабдықталған. Кіріктірілген камера мен динамиктер полицейдің өтініш білдірген адаммен бейне және аудио байланысын қамтамасыз етеді.
Хабарламаны алғаннан кейін ЖБО инспекторы дереу полицияның автоэкипажын орнына жібереді. Жедел басқару орталығының қызметкері адамды нақты уақыт режимінде көреді және естиді, жағдайды нақтылай алады және патрульдік экипаж келгенге дейін нұсқауларды бере алады.
Құрылғының ерекшелігі – жабдықты зақымданудан қорғайтын, қиратып бүлдіру, тонау әрекетіне төтеп беретін тегіктің болуында.
Жүйенің басты мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық орындарда қауіпсіздікті арттыру. Шымкентте қоғамдық орындарға осындай түймені орнату жалғаса береді. Полицияның айтуынша, бұл әрекет ету уақытын қысқартуға және мегаполистегі құқықтық тәртіпті бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Егер сіз байланыссыз қиын жағдайға тап болсаңыз және көмекке мұқтаж болсаңыз, осы батырманы басыңыз – құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел әрекет етіп, көмекке келеді.
Цифрландырудың тағы бір элементі — SOS 102 жүйесі. 2021 жылы іске қосылған бұл жүйе азаматтарға оқиғалар туралы хабарлауға, мультимедиялық дәлелдер беруге және полицияның әрекеттерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе кіріс сұрауларды сүзу және басымдық беру үшін жасанды интеллектті пайдаланады.
Полиция жұмысын заманауи технологиялармен жетілдіру — бүгінгі күннің талабы. Ол өз кезегінде барлық қызметтердің цифрландыру деңгейіне, байланыс сапасына және жедел ақпарат алмасу мүмкіндігіне байланысты. Ішкі істер органдарының қолға алынып жатқан барлық іс-шара — тікелей азаматтарымыздың мүдделерін қорғауға, оның ішінде қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың санын азайтуға бағытталған маңызды бастамалар. Бүгінгі күні полицияны цифрландыру халқымыздың игілігі үшін жасалып жатыр, сол арқылы жұмыстың сапасы мен азаматтарымыздың сенімі артып, оларға полицияның қызметі қолжетімді болып отыр.
