22 КӨЛІК БАҒЫТЫНДА 194 АВТОБУС ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Түркістан қаласы – Қазақстанның рухани астанасы, тарихи және мәдени орталығы ретінде ерекше орын алады. Соңғы жылдары қаланың қарқынды дамуы, туристік әлеуетінің артуы, сондай-ақ халық санының өсуі жолаушылар көлігі және қоғамдық тасымалдау жүйесіне жаңа талаптар қоюда. Осыған байланысты, Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Түркістан қаласындағы көлік инфрақұрылымын жаңғырту және қоғамдық тасымалдау қызметін жақсарту бағытындағы жұмыстар ерекше маңызға ие.

Түркістан қалалық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының мәлімдеуінше, қаладағы қоғамдық көлік жүйесі белсенді жұмыс істеуде. Жалпы Түркістан қаласында 22 көлік бағытында 194 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Бұл бағыттардың басым бөлігі, яғни 16 бағыт ы бойынша — «Жолаушы» ЖШС, ал қалған 6 бағытына — «ТехПроАвто» ЖШС жауапты. Бұл компаниялар қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлы әрі қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды атқаруда.

Қаланың көлік жүйесіндегі маңызды жаңалықтардың бірі – «AlemPay» электронды картасының енгізілуі. Бұл жүйе жол ақысын төлеуді жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда автобустардағы жол жүру ақысы «AlemPay» электронды картасы арқылы 70 теңгені құрайды.

Ерекше назар аударарлық жайт – мектеп оқушыларына берілетін жеңілдік. Дәл осы электронды карта арқылы мектеп оқушылары жол ақысының 50%-ын ғана төлей алады. Яғни, 7 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары карта арқылы автобус жол ақысының жартысын ғана төлеу мүмкіндігіне ие. Бұл шара отбасылардың көлік шығындарын азайтуға және жас ұрпақтың қоғамдық көлікті белсенді пайдалануына ықпал етеді.

«AlemРay» төлем карталарын Түркістан қаласындағы тұрғындар мен қонақтар үшін қолжетімді жерлерден алуға болады. Карталарды «Қуаныш» базары аялдамасынан және «Қуаныш» базары кеңсе тауарлары павильонындағы (№52) сауда нүктелерінен сатып алуға болады.

Картаны толтыру да өте оңай. Ол үшін банк қосымшалары немесе Киви терминалы арқылы ақша аударуға болады. Толтырылған картаны пайдалану үшін, оны  2505 нөміріне тіркеп, жол ақысын төлейді. Бұл жүйе ыңғайлы әрі қауіпсіз төлем жасауға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласының көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жалғаса бермек. Қала басшылығы жолаушылар тасымалының сапасын арттыру, жаңа автобустарды енгізу, аялдамаларды заманауиландыру және қоғамдық көліктің қолжетімділігін кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеуде. Туристік әлеуеттің артуымен қатар, қаланың халық санының өсуі де көлік жүйесіне қосымша талаптар қойып отыр. Осыған байланысты болашақта қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландыру, жаңа технологияларды енгізу және жолаушыларға жайлы жағдай жасау басты назарда болады. Электронды төлем жүйесінің одан әрі дамуы, мүмкін, басқа да қосымша қызметтермен интеграциялануы да жоспарда бар. Бұл шаралар Түркістанның рухани астана ретіндегі мәртебесін нығайтып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар