26/11/2024

«Кредиттік делдалдар»: алаяқтықтың жаңа схемалары

Қазақстанда қарыздарды ресімдеуде, тауарлық кредиттерді қолма-қол ақшаға айналдыруда делдалдық қызметтерді ұсынатын «кредиттік көмекшілер» пайда болды. Олардың алдау схемалары алаяқтарға өздерінің дербес деректерін өз еркімен беретін азаматтардың сеніміне негізделген. Бұл ретте алаяқтар өз іздерін уақтылы жасыру үшін өз құрбандарымен тек қана онлайн өзара іс-қимыл жасайды.

«Сіздің кредиттік тарихыңыз нашар ма? 200 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейінгі кредитті мақұлдаудың жоғары пайызымен кепілсіз және алдын ала төлемсіз тез ресімдеуге көмектесеміз», «Сіз үшін кез келген сомаға және кез келген мақсатқа микрокредит ресімдейміз. Кепілдік – 100%», «Сізге шұғыл түрде ақша керек пе? Тауарды бөліп төлеңіз, біз оны жақсы бағамен сатып аламыз», «Кредиторларға бүкіл ақшаңызды беруден шаршадыңыз ба? Кредитіңізді банк пен МҚҰ базасынан алып тастауға және кредиттік тарихыңызды тазартуға көмектесеміз» – «көмекшілер» жалған бір күндік аккаунттар құра отырып, осындай мазмұны бар хабарландыруларды әлеуметтік желілерде, негізінен Instagram-да орналастырады.

Алаяқтардың хабарландыруларға жауап берген пайдаланушылармен өзара әрекеттесуі мессенджерлер арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда     алаяқтар WhatsApp арқылы хат алмасуды жөн көреді, онда жоғалып кететін  хабарламалар режимі бар және екі схеманың бірі бойынша әрекет етеді. Оларды толығырақ қарастырайық.

 

Бірінші схема: кредитті қолма-қол ақшамен ресімдеу

 

Қарызды ресімдеу мақсатында интернет-алаяқтар әлеуетті жәбірленушіден кредиттің қажетті сомасын және жеке мәліметтерін: жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін, төлем карточкаларының толық деректемелерін, шот нөмірлерін және т.б. нақтылап сұрайды. Алаяқтардың мақсаты – зардап шеккен адамға қарыз алушының қажеттілігінен едәуір асатын кредиттерді ресімдеу. Алаяқтарды әсіресе азаматтардың танымал онлайн-кредит беру ресурстарында жеке кабинеттерінің болуы қызықтырады. Олардың айтуынша, бұл ақпарат кредиттік ұйымдар жүз пайыз мақұлдайтын тиімді кредитті ресімдеу үшін қажет.

Шын мәнінде, алаяқтар өз құрылғыларынан азаматтардың жеке кабинеттеріне қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Құпия сөзді қалпына келтіру үшін олар SMS-кодты сенімді «клиенттерден» сұрайды, мұны микрокредитке өтініш беру және оны ресімдеу қажеттілігімен түсіндіреді. Жеке кабинетті «бұзу» арқылы алаяқтар онлайн-сервиске байланысты мобильді нөмірді оңай өзгерте алады және бөгде адамдарға тіркелген нөмірін көрсетеді. Бұдан әрі олар жәбірленушінің атынан онлайн-қарыздар алу үшін түрлі МҚҰ-ға өтінімдер бере бастайды.

Микрокредит мақұлданған жағдайда, алаяқтар қарыз алушылардан алынған қарызды мерзімінен бұрын жабу және жаңа өтінімді жіберу үшін қарыздың барлық сомасын немесе оның бір бөлігін өздері көрсеткен телефон нөмірінің балансына аударуды сұрайды. Олар қарыз алушыларды кредиттік ұйымның скоринг жүйесі оларды «адал клиенттер» деп санауы және болашақта соманы бірнеше есе алуға мүмкіндік беруі үшін мұны істеу керек деп сендіреді.

Немесе алаяқтар алаяқтық жолмен қарыз алушылардың дербес және төлем деректерін алады, және, тиісінше, олардың онлайн-банкингіне, мысалы, AnyDesk қосымшасы арқылы қол жеткізеді. Содан кейін олар барлық қаражатты азаматтардың шоттарынан үшінші тұлғалардың шоттарына – дропперлерге немесе жалған телефон нөмірлерінің балансына аударады, содан кейін ақшаны алып,  жазысқан хабарларды жояды.

Алаяқтар әдетте заңсыз алынған ақшаны әр түрлі шоттар арасында аудару үшін дропперлерді «жалдайды». Бұл қылмыскерлерге іздерін шатастыруға және тергеу жұмысын қиындатуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда алаяқтық аударымдар әр түрлі елдерде және әр түрлі адамдардың атынан жасалуы мүмкін. Дроппер өз жұмысы үшін оның көмегімен алаяқтар аударған ақшаның пайызын ала алады. Ал қарыз алушы ақшасыз қалады және оның алаяқтарға сенім артқаны туралы дәлелі де болмайды.

 

Екінші схема: тауар кредиттерін ресімдеу

 

«Кредиттік делдалдар» хабарландыруларына жауап берген қарыз алушылардың дербес деректерін алғаннан кейін алаяқтар өздерінің ұялы телефондарынан және бөгде тұлғаларда тіркелген нөмірлерді пайдалана отырып, электроника сатушыларының сайттарында тауарды таңдайды және қарыз алушының көмегімен оны кредит алуға немесе бөліп-бөліп төлеуге ресімдейді. Бұл ретте алаяқтар өтінімді қарау үшін SMS-кодтар келетін өз нөмірлерін көрсетеді. Айлакер алаяқтар сондай-ақ дүкеннен алып кетуді немесе курьермен көрсетілген мекенжайларға жеткізуді көрсетеді.

Кредит бойынша мақұлдау алғаннан кейін, алаяқтар қарыз алушыларға тауарлық кредитті ресімдей алмағанын немесе бірнеше тауарларды ресімдейтіндерін, ал олардың «клиентіне» тек біреуін беретіндерін хабарлайды.

Тауарларды беру кезінде алаяқтарға SMS-код түседі, оны олар дүкен қызметкеріне немесе курьерге хабарлайды. Тауарды алғаннан кейін, алаяқтар жалған көмекшілерінің көмегімен оны тез сатуға тырысады, ал қарыз алушымен байланысқа шықпайды.

 Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз не істеу керек?

 

Карточкаларыңызды бұғаттау үшін дереу құқық қорғау органдарына, сондай-ақ банкке жүгіну қажет. Банк карточкаларды бұғаттап, жаңаларын қайта шығарады.

Микрокредиттерді ресімдеу бойынша онлайн-сервистерде банктік қосымшадағы жеке кабинеттен құпия сөздерді міндетті түрде өзгертіңіз.

Алаяқтардың сіздің атыңызға жалған кредитті ресімдемегеніне көз жеткізу үшін тоқсанына бір рет кредиттік тарихыңызды тексеріңіз. Дербес кредиттік есепті кредиттік бюролардан (Мемлекеттік кредиттік бюро немесе Бірінші кредиттік бюро), ХҚКО-лардан немесе egov.kz сайтынан алуға болады. Заң бойынша күнтізбелік жылда бір рет дербес кредиттік есепті тегін сұратуға болады.

 

 

Қаржылық алаяқтардан деректеріңізді сақтау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:

 

Сізге банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді тиімді шарттармен рәсімдеуді ұсынатын делдалдарға сенбеңіз, кредитті ресімдеу үшін ақшалай сыйақы бермеңіз. Бұл алаяқтар.

Қарыздар мен микрокредиттер үшін тікелей банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына хабарласыңыз. Бірақ кез келген кредиттің үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаңыз!

WhatsApp, Telegram, Viber және басқа да мессенджерлер арқылы бөгде адамдарға өзіңіз және картаңыз туралы ақпаратты: құпия сөздерді, логиндерді, кодтарды және басқа да жеке деректерді (ЖСН, жеке куәліктің немесе паспорттың нөмірі, төлем картасының деректемелері: картаның сырт жағындағы үш таңбалы кодты (CVV/CVC-код), оның нөмірін, қолданылу мерзімін және т.б.) бермеңіз. Жеке басын куәландыратын құжаттар мен төлем карточкаларының фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жарияламаңыз.

Егер сізбен (телефон немесе онлайн) банктің немесе МҚҰ менеджері хабарласып, сіздің шотыңызға алаяқтық шабуылдар туралы хабарлап, «қауіпсіз» шотқа ақша аударуды, «айна» кредитті ресімдеуді немесе банкомат арқылы қаражат алуды сұраса, әңгімені аяқтаңыз. Ақпаратты қайта тексеру үшін кредиттік ұйымның call-орталығына қоңырау шалыңыз.

Есіңізде болсын: қаржы ұйымдарының өкілдері бірінші болып қоңырау шалмайды және сіздің жеке деректеріңізді алу үшін мессенджерлер арқылы жазбайды, сонымен қатар делдалдық қызметтерді ұсынбайды.

Вирустық, шпиондық немесе үшінші тараптарға сіздің құрылғыңызды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін (мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer) қосымшаларды бейтаныс адамдардың нұсқаулары бойынша жүктеп алмаңыз.

Фишингтік сілтемелерге өтпеңіз. Күдікті сайттарға тіркелмес бұрын, олардың мекенжайын тексеріңіз, ол мекенжай https:/ — ден басталуы керек.

Шотты немесе картаны ашқан кезде операциялар туралы SMS- немесе push хабарлама қызметін қосыңыз. Мобильді банктік қосымшада, сондай-ақ пошта мен әлеуметтік желілердегі аккаунттар үшін күрделі құпия сөздерді қолданыңыз. Құпия сөздер әртүрлі болуы керек. Құрылғылардағы антивирустық бағдарламаны үнемі жаңартып отырыңыз.

Маңызды! Интернеттегі алаяқтардан қорғау үшін жақын адамдарыңызға және егде жастағы туыстарыңызға осы ережелер туралы айтып беріңіз!

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар