Шымкент қаласының аумағында су жағалауында жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Бұл туралы Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзов баспасөз мәжілісінде айтты.
Басқарма бастығы шомылу маусымына дайындық сәуір айынан басталып кеткен. Бүгінге дейін судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 224 рет рейд жүргізіліп, оған (7582 адам қамтылған. 2024 жылғы шомылу маусымы кезінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаулысы негізінде жоспар бекітіліпті.
– Қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде, адамдар көп шоғырланатын орындарда LED экрандар арқылы «Судағы қауіпсіздік шаралары» бойынша бейнероликтер көрсетіліп, шомылу маусымы басталғанда тұрғындардың мобильді телефондарына 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жолданады, – дейді Нұржан Нұрханұлы.
Жазатайым оқиғаларды азайту, сондай-ақ шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бағытында басқарма жергілікті атқарушы органдармен, волонтерлермен бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын өткізуді жалғастырады.
NARKESKEN.KZ