Шымкентте жыл соңына дейін 19 балабақша ашылады деп күтілуде. Оның 14-і қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Бұл жаңалықпен Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева бөлісті.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Шымкентте мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жою мақсатында, 2023 жылы 30 балабақша ашылып, балаларды балабақшамен қамту үшін 2 945 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Биыл балаларды 2 жастан бастап мектепке дейінгі біліммен қамту, жекеменшік балабақша есебінен санын арттыру бағытында мемлекеттік тапсырыс негізінде 3150 орынмен қамту жоспарланған.
Жергілікті бюджеттен 71 193 баланы балабақшамен қамту үшін 43,6 млрд теңге қаржы қаралған. Оның ішінде биылғы сәуір айында 1050 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Жоспар бойынша биылға жоспарланған 32 балабақшаның 13-і сәуір айында ашылып, 117,3 млн теңге қаржыға 242 орын мемлекеттік тапсырысы берілді. Нәтижесінде 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 86 387 баланың 86,6%-ы, яғни 76 216 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылса, 2-6 жас аралығындағы 83 590 баланың 89,3%-ы, яғни 74 661 бала қамтылған.
Биыл жылдың соңына дейін балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс аясында қосымша 2100 орынмен, яғни 1 қыркүйекке дейін 1100 орын, жыл соңына дейін 1000 орынмен қамтамасыз ету күтілуде. Бұның 100 орыны ата-аналарға ваучер беру арқылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда.