26/11/2024

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР – ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСТА

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс қай кезде де жоғары болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамынша,  2030 жылға қарай жоғары білімді мамандарға қарағанда кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға сұраныс 1 миллионға жуықтайды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды тапсырып, алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Шымкент қаласында да кәсіптік-техникалық колледждерде бұрыннан бар жұмысшы мамандықтарына оқыту одан әрі жетілдіріліп, еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес жаңа мамандықтар ашылуда.

Бүгінде Шымкентте техникалық және кәсіптік білім беретін 38 колледж бар. Осы оқу орындарына 2024-2025 оқу жылына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау мақсатында 11 500 талапкер мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылданды. Осы оқу жылында жұмыс беруші кәсіпорындардың есебінен 15 жекеменшік колледж 51 талапкер  қабылдады, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сұранысқа сәйкес 5 мамандық бойынша 75 орын бөлінді.

Сонымен қатар осы жылы алғаш рет 2 колледжде 10-11 сынып оқушылары жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілді. Пилоттық жоба бойынша 1,5 жылдан кейін оқушылар орта білім туралы аттестатпен қоса, тігінші, аспаз, авто-газ дәнекерлеуші мамандықтары бойынша диплом алып шығады.

Сондай-ақ колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасуда. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Бұл кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға мүмкіндік береді.

Маман даярлаудың маңызды бөлігі — бизнеспен ынтымақтастық құру болып табылады. Қазіргі уақытта Шымкентте 518 кәсіпорын 410 колледждің түлектерін практикалық даярлауға, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ете отырып, дуальді оқытуға және шефтік қамқорлық көрсетуге қатысуда.

Бұл шаралардың барлығы жас мамандарды кәсіби дайындауға және еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша, техникалық және кәсіптік білім беретін  38 колледжде 47 020 студент білім алды. Оның 23 587-і бюджет шеңберінде мемлекеттік тапсырыс негізінде, 23 433-і ақылы негізде білім алды. Алайда, осы жас мамандардың басым көпшілігі оқу орнын бітіргенімен, мамандықтары бойынша жұмыс істей бермейді. Кейбірі өз мамандықтары бойынша жұмыс таппайды, кейбірінің қарапайым жұмысшы болғысы келмейді.

Ал, жастарды жұмыспен қамту мәселесі көптеген елдерде маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мәселе жас ұрпақтың қоғамда өз орнын табуына, өмірлік дағдыларын дамытуға, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуіне және елдің жалпы әл-ауқатына әсер етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар