26/11/2024

ШЫМКЕНТТЕ 107 ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮР

Шымкент қаласының аумағында 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 107 шетел азаматы еңбек етіп жүр.

Еліміздің еңбек нарығына шетелден жұмыс күшін тарту арнайы заңнамалармен реттелген. Жұмыс берушіге шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат берілгенде өзімізде де  жұмыс іздеп жүрген мамандардың бар екені ескеріледі.   Егер шетел азаматы атқаратын қызметке жергілікті жұмыс күшін тартуға мүмкіндік болмаса, маман жоқ болған жағдайда,  шетелдіктің біліктілігі жоғары болса, шетелдікті кейін ауыстыру үшін жергілікті мамандарды оқытса, шетелдік өтеусіз (қайырымды) қызмет жасаған жағдайда рұқсат беріледі.

Еліміздегі бос қызметтерге жұмысқа орналасу кезінде бі­ліктілігі мен мамандығы бірдей болса, жергілікті маманның шет­ел азаматынан басымдық құ­қығы бар. Жұмыс берушілер жер­гілікті жұмыс күшін бос жұ­мыс орындарына қабылдау үшін шаралар қолдануға міндетті. Компаниялар шетел жұмыс кү­шін тартуға рұқсат алғанға дейін бос орындар мен қажет ма­мандар туралы бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы ха­лыққа ақпарат, уәкілетті орган­ға бос орындар туралы өтінім беруге, жұмыссыз азаматтар үшін қосымша жұмыс орында­рын құруға міндетті.  Ішкі ең­бек нарығын қорғау, шетел жұ­мысшылары мен маманда­рын тарту үшін шектеулер бел­гіленген. Рұқсат алу уақы­тында шетел азаматының жасы 23-ті толтырған және біздің елдегі белгіленген зейнет жасынан аспауы керек. Шетел жұмыс күшін тарту белгілеген квота шегінде рұқсат етіледі.

Шымкент қаласына  2024 жылға жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 537 адамға квота бөлінген.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 8 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 36 рұқсат (екінші санат). Тартылған шетел жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады — тиісінше олар 408 және 85 адам.

Бүгінде бөлінген квота негізінде 15 кәсіпорын мен ұйымдарда 107 шетелдік адам, оның ішінде 1 санат – 7 адам, 2 санат – 14 адам, 3 санат – 84 адам, 4 санат– 2 шетел азаматтарының рұқсаты қолданыста.

Осы кәсіпорындарда Қазақстан Республикасының 4 147 азаматы жұмыс істейді. Қазақстандық қамту көрсеткіші 97,7 пайызды құрайды.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені үшін және ұзартқаны үшін жыл басынан бері жергілікті бюджетке 46,0 млн.теңге алым түсті.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар