Соңғы уақытта шоколадпен қапталған құлпынай нарықты жаулап алды. Бұл жай ғана дәмді де көз тартарлық десерт емес, өнер туындысы десек артық айтпаспыз. Оның дәмі үлкенге де, кішіге де сөзсіз ұнайды. Әсіресе, мереке күндері көптеп сұранысқа ие болады. Шымкенттік пысық келіншек Меруерт АБСАДЫҚОВАНЫҢ осы десертті жасаумен айналысқанына әлі бір жыл да болған жоқ. Осы аз ғана уақыт ішінде оның шоколадпен қаптап жасаған құлпынайларын іздеп, қалап жүріп тапсырыс беретін тұрақты клиенттері жетерлік.
Меруерт бұл кәсіппен үшінші баласына жүкті кезінде айналыса бастайды. Алғашқы екі перзентін дүниеге әкелгенде 5 жыл бала күтімімен үйде отырады. Тағы да қол қусырып, қарап қалмас үшін табыс табуға болатын кәсіп түрін ойластыра бастайды. Сонда әріптесі «Шоколадқа малынған құлпынай жасасаң қалай болады? Әрі үйде боласың, әрі азын-аулақ табыс табасың» деп бағыт-бағдар беріпті.
«Содан бұл десерттің жасалу жолын оқып алдым да, іске кірісе бастадым. Ең алдымен өзімнің Instagram парақшамды реттеп алдым. Өйткені қазір қандай да бір тауар сатпас үшін алдымен әлеуметтік желідегі парақшаң көз тартуы тиіс. Өзім жасаған құлпынайларды арнайы фотостудияда түсіріп, сапалы контент дайындадым. Мұнан соң таргет көмегімен жарнама жібердім. Қолымда көп ақша болған жоқ. Мәселен, бір тапсырыс алып, содан түскен пайданы таргетке жұмсап отырдым. Осылайша, клиенттер келе бастады. Әрі қарай осы шағын ғана кәсібімді дөңгелете бастадым. Айта кетерлігі, мен сәтті кезде кіріскен екенмін. Тура 8 наурызға қарай тапсырыс өте көп болды. Солай қолымды да ширатып, әбден машықтанып алдым. Бұл десертті жасау кәдімгі өнер ғой. Оған қоса әдеміліктен алатын ерекше бір ләззат болады. Бірақ ақша табам деп шектен шығып, өзіңді де, балаларыңды да ұмытып кетуге болмайды. Ондай кезде кез келген істің қызығы кетеді. Махаббатпен жасау керек деп ойлаймын. Бұл кәсіп бүкіл отбасыңды асырайды деп айта алмаймын. Бірақ қаймаққа жаймақ болатыны рас. Өзімнің қажетімді ойланбастан сатып ала аламын. Ал жолдасым отбасын асырайды, басқа да шығындарды жабады», — дейді Меруерт Абсадықова.
Кейіпкеріміз жайдан жай қарап отырғанды жаны сүймейді. Уақытын пайдалы өткізгенді қалайды. Жаңа нәрсені үйренуге жаны құштар. Өздеріңізге мәлім, қазір Дубай шоколады жаханға мәшһүр болды. Сұмдық сұранысқа ие. Меруерт осы тәттінің де жасалу жолдарын үйреніп алып, құлпынайлардың арасына қосуда. Бұл клиенттердің санын арттырмаса, азайтқан жоқ.
Меруерттің айтуынша, тәтті десертке мереке күндері, соның ішінде жаңа жылда, 8 наурызда, 14 ақпанда, Аналар мен балалар күнінде сұраныс көп.
Бастапқыда келген клиенттің көңілінен шықсаңыз, ол бір емес бірнеше рет қайта тапсырыс береді. Сосын өзгелерге жарнама жасайды. Осылайша клиенттердің базасы қалыптаса бастайды. Бірде бір апай екі бокс құлпынайға малынған шоколадқа тапсырыс берді. Екі күннен соң 23 қорабын екі сағаттың төңірегінде тездетіп жасап бере қой деп қолқа салды. Оның айтқан уақытынан аздап асырып барып дайындап бердім. Клиентім риза болды. Жиырмадан астам бокс жасауға екі жәшік құлпынай кетті.
Әртүрлі клиенттер болады. Бірі — тек құлпынайды қалайды, енді бірі — арасына банан, анар, Дубай шоколадын немесе басқа да жидектерді қосып, түрлі өрнектермен әрлеп, безендіріп беруімді сұрайды.
Тапсырыс берушілер қай уақытта хабарласса да, шикізатым дайын тұрсын деп артығымен алып қоям. Жасыратыны жоқ, бастапқы кезде құлпынайлар шіріп кетіп, қоқысқа тастаған кездер де болды… Кейде түнде хабарласып, «шұғыл түрде дайындап бере аласыз ба, мынадай сөздер жазып берсеңіз» деп өтініш жасайды. Амал жоқ, ұйқыны жинастырып қойып, десерт жасауға кірісесің. Өйткені менің жасаған тағамым екі жастың арасындағы сезімді одан сайын нығайтуға немесе сүйіктісінен кешірім сұрап отырған жігітке үміт береді, — дейді ол.
Иә, бұл десертті нағыз романтик жігіттер тапсырыс береді екен. Кейіпкеріміз осындай тәттілер жасау арқылы бір жұптың махаббаты мен жігіттің сүйгеніне үйленуге берген ұсынысының да еріксіз куәсі болыпты. Жігіт өзге қалада, ал көрікті ару Шымкентте. Екеуінің арасындағы қашықтықты жақындату үшін Мереуерттің тәтті құлпынайларын жіберіп отырады екен. Әр тапсырысында сезімге толы небір әдемі сөздер жазғызады. Жарты жыл бойы олардың сезімдерін тәтті десертпен жеткізіп отырыпты. Осылайша келесі тапсырысы “Осы айда үйленеміз” деген әдемі ұсыныспен жалғасқан.
«Сол кезде мен де олармен бірге қуандым. Екеуі де бақытты болсын деп іштей мен де жүрекжарды тілегімді айттым», — дейді кейіпкеріміз.
Меруерттің шоколадқа малынған құлпынайлары 5 400 теңгеден басталады. Ал ең қымбат тапсырысы 36 мың теңге тұратын құлпынай букеті болған. Баға құлпынай мен басқа да жеміс-жидектердің санына және безендіруіне байланысты шығады.
Бұл кәсіпті өзіне сенімді адамдар бастайды. Тапсырыс болмай жатса да алға қарай қадам жасайтындардың ісі. Кәсіп бірден өрге баспайды. Шығыны да, кірісі де бар. Сондықтан Меруерт тапсырыс болмай қалған жағдайда балаларына десерт жасап береді. Қонаққа барса да дүкенге жүгіріп әуре болмайды.
Қазір Меруерттің Instagram парақшасына 5 мыңға жуық адам тіркелген. Күніне екі тапсырыс алады. Үйде отырып-ақ табыс тауып отыр. Жолдасы да бұл кәсібін құптап, қолдайды. Соның арқасында тапсырысты орындаумен қатар, осы кәсіппен айналысуға ниет білдірген қыз-келіншектерге бар білгенін үйретіп те жатыр.
Кәсіпті тұралатып алмаудың басты жолы — әлеуметтік желіде әрдайым белсенді болу. Мәселен, күніне фото, рилз салудың да өз ережесі бар. Бұл — уақыт талабы. Меруерт Абсадықованың мамандығы — қаржыгер. Бес жылға жуық банкте, күзет агенттігінде жұмыс істеген. Ал қазір 9 айлық баласының күтімін жасап, кәсібін дөңгелетіп, өзгелерге үлгі болып отыр. Балаларының алды 9 және 7 жаста.
«Табыс тапсаң — әртүрлі ойдан еркінсің. Уақытың болмай тұрса, «не пісірем?» деп басыңды ауыртпайсың. Тамаққа тапсырыс бересің. Одан үнемдеген уақытты — не өзіңе, не тапсырысты жасауға арнайсың. Отбасыммен айына үш-төрт рет дәмханаға барып тамақтанамыз. Үйіме жөндеу жасадым. Енді көлік алсам деген ниетім бар. Әрине, бұл уақыттың еншісінде. Мен жетістікке жеткен адамдар туралы көп оқимын. Содан түйгенім — батыл, өзіңе сенімді болу керек. Әркімге жалтақтамаған жөн. Тамақ ешуақытта ысырап болып қалып кетпейді екен. Оны пісірумен, мен сияқты құлпынайды шоколадқа малып, безендіретін қыздар! Қорықпаңыздар. Кәсіптің бұл түрі — торт, гүл, түрлі конфеттерге бәсеке бола алады. Ойыңызға келді ме, кірісіңіз! Кішкене қадамдар жасай отырып, алға жылжыңыз. Қорықпаңыз!”, — дейді кейіпкеріміз.
NARKESKEN.KZ