Шымкент қаласының тұрғыны А.Мұстафина 2024 жылдың шілде айында жұмысынан айырылып қалды. Жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем туралы ол әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстардан оқып білген. Содан кейін Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау орталығына барып, мамандардан кеңес алып, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.
Мамандар оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлердің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алатынын, төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын түсіндірген.
А.Мұстафина мамандардың көмегімен eGov.kz порталында авторизацияланып, «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау арқылы онлайн-қызметке тапсырыс берген. Барлық жолдарды толтырып, оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінім жіберген.
Мамандар оған бір күн ішінде тұрғылықты жері юойынша Мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынатынын, егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі берілетінін мәлмдеген. Мұндай жағдайда қажет болған жағдайда Мансап орталығы қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласатынын айтқан.
Мамандардың түсіндіруінше, бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Оған Мансап орталығынан ешкім хабарласпаған, жұмыс ұсынылмаған. Мұндай жағдайда өтінім беруші автоматты түрде ресми жұмыссыз ретінде тіркеледі. Сөйтіп, оған қыркүйек айынан бастап жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем төлене бастады.
«Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады» деп түсіндірген мамандар.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 256,6 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 212,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 70,6 млрд теңге болды.