Биыл Шымкент қаласында NEET санатының 20 қыз-жігіті — «ZHAS PROJECT» жастар жобасының жеңімпазы атанып, 1 млн теңге грантты жеңіп алды, — деп хабарлайды Narkesken сайтының тілшісі.
Солардың бірі – Арман ҚЫРЫҚБАЕВ. Ол қаладағы тұрғын үй терезелеріне арналған жоғары берікті поликарбонат материалдан жасалған түссіз қауіпсіздік торларын орнату бойынша жобасын сәтті қорғап шықты.
«Бұл жоба балалардың терезеден құлап кету жағдайларының артуы және білім беру мекемелеріндегі, үйлердегі негізгі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы ескеріле отырып, поликарбонат торларды орнату арқылы (олар жақсартылған қауіпсіздік, отқа төзімділік, жүк көтергіштік, сенімділік сипаттамаларына ие) балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», — дейді А.Қырықбаев.
Атап айтқанда, бұл тегін қызмет көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілді, бұл өз кезегінде апаттарды болдырмау үшін осындай конструкцияларды орнатудың қажеттілігі туралы халықтың хабардарлығын арттыруға мүмкіндік берді.
Жоба аясында осы конструкцияны орнатуға жұмыссыз жастар тартылды, бұл оларға жаңа іс-әрекет түрін меңгеруге және бұл бағытта өз бетінше жұмыс жалғастыруға мүмкіндік берді.
«Қазіргі таңда кішкентай балалардың жоғарғы қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен құлап кетуі өте жиі кездесуде. Бұндай оқиғаның бірден бір себебі — ашық қалған терезелердің қауіпсіздік торларымен жабдықталмағандығында болып отыр. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін өте тиімді материалдарды қолдана отырып, қауіпсіздікті сақтау мақсатында поликарбонатты түссіз қауіпсіздік торларын (прозрачный решетка) өндіріп шығаруды қолға алдым. Терезе конструкцияларының жаңа түрі дәстүрлі металл торлардан сыртқы жағынан ғана ерекшеленбейді. Поликарбонатты қорғаудың көптеген жеке артықшылықтары бар. Оның салмағы жеңіл, тығыздығы болаттың тығыздығынан 7 есе аз. 500 келіге дейін салмақты көтере алады. Таза көрініс – торлардың дизайнында артық ештеңе жоқ. Икемділік – материалдың икемділігі балғамен немесе балтамен соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді және бұзуды қиындатады», — дейді жоба жеңімпазы.
Бұдан бөлек, поликарбонаттың – отқа төзімді материал. Поликарбонатты ламелалардың стандартты қалыңдығы — 6 мм. Бұл көрсеткіш конструкцияларды бұзудан толық қорғауды қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Терезелердегі торлардың құны әртүрлі факторларға байланысты. Ламелалардың биіктігі, олардың ұзындығы, сондай-ақ олардың арасындағы қашықтық сияқты параметрлер терезенің өлшемдерін ескере отырып жеке анықталады. Сондықтан өнімдер өлшемдерге сәйкес тапсырыс бойынша жасалады.
«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.
«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.
Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.
«Zhas Project» — бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба. Жобаның негізгі мақсаты — NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу.
Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі. 2024 жылы еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарына 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама.
NEET санатындағы жастар бірнеше категорияға бөлінетін болса, оның ішінде тіпті сотты болған жастар да жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Мәселен, Шымкенттегі еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларына пробация есебінде тұрған 41 жас тартылған. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 17 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 372 жас екі қолға бір күрек тапқан.