Қазақстан нарығында сатылатын киім-кешек, маталардың бәрі дерлік шетелдік өнімдер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу керектігін тапсырған болатын. Осыған орай Түркістан облысында отандық шикізатпен тоқыма өнеркәсібін аяққа тұрғызу шаралары басталып кетті. Бүгінде Отырар ауданында индустриалды аймақта «Otyrar Cotton» ЖШС-ның тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы зауытының құрылысы жүріп жатыр. Мақта зауыты қазан айында пайдалануға беріледі. Бұл жайында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, мақта зауытының құрылысы осы жылдың мамыр айында басталған. Жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылады.
Индустриалды аймақта бұдан басқа қуаттылығы күніне 10 тоннаға жететін күріш өңдеу зауыты мен тәулігіне 200 тонна мақта майын өндіретін зауыт құрылыстары да жүргізіледі. Сонымен қатар биыл жалпы құны 37 млрд 400 млн теңгені құрайтын ірі және шағын жобалардың құрылысы басталды. Жоба аясында маусымдық жұмыспен 102 адам қамтылса, оның 67-сі тұрақты қызметке орналасты.
Сондай-ақ, өңірдегі индустриалды аймаққа 2025-2026 жылдары жергілікті және шет елдік инвесторларды тарта отырып, түрлі салаларды қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласы бойынша қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар.
2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 25,2 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артық орындалған. Сондай-ақ, биыл 54 100 гектарға егіс егу жоспарланып, жоспар 54 796 гектарға орындалған. Яғни егіс көлемі 19 795 гектарға артты.
Ауданда жыл басынан бері 7 387 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 116,5% – ға орындалған. Өңір тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер орын алуда. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 98,6%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылса, табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 71,4%-ға жеткен.