Кітапхана ісін цифрландыру – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Себебі мәдениетаралық коммуникация үшін электрондық каталог пен мұрағаттың рөлі маңызды. Шымкентте А. С. Пушкин атындағы кітапханада осы саланы цифрландыруға қатысты отырыс өтті. «Қазақстан кітапханалары: оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» тақырыбындағы көшпелі отырысты Қазақстан кітапханалары Одағы ұйымдастырды.
Отырысқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің архивтер, құжаттама және кітапхана ісі комитетінің төрағасы Әли Рустам, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан кітапханалық одағының төрағасы Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова, Қазақстанның барлық өңірлерінен облыстық, қалалық және аудандық кітапханалардың директорлары мен мамандары қатысты.
Кездесуде кітапхана ісінің заңнамалық базасын жетілдіру, әлеуметтік зерттеулерді енгізу, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту, жас мамандарды даярлау және өңірлік озық тәжірибені тарату мәселелері талқыланды.
«Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісіне қатысты өзекті мәселе көтеріп, жастарды оқуға баулу арқылы оқитын ұлт қалыптастыру, кітапхана ісінің дамуына немқұрайлы қарамау қажеттігін атап өтті. Шымкент қаласында Мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру мақсатында жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі көшпелі отырысты өткізу осыған айқын дәлел болып отыр», — деп атап өтті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Отырыстың негізгі мақсаты — халықаралық және кітапханааралық байланыстарды нығайту, кітапхана ісін жетілдіру, жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу бойынша тәжірибе алмасу.
Цифрландыру – бұл компьютерлік технология құралы мен құжаттарды алудың және сақтаудың тәсілі. Кітапхана қорындағы құжаттардың көшірмесін жасау олардың мәңгілік болуына кепіл береді. Өйткені, әр цифрланған кітаптың қорғалған серверде кем дегенде бір көшірмесі болады. Ал, цифрлық көшірмесі дискілерде, сондай-ақ электронды дерекқорларда және электронды кітапханаларда сақталуы мүмкін.
Отырыс барысында кітапхана заңнамасындағы өзгерістер; әлеуметтік зерттеулер және халықаралық тәжірибе; кітапханашыларды даярлау жүйесі секілді өзекті тақырыптар қаралды.
Өткізілген семинар кітапхананың бүгінде тек кітап сақтау орны ғана емес, қазіргі заманғы білім беру және ақпараттық кеңістіктің маңызды институты болып табылатындығын айқын көрсетті. Цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және оқырманмен өзара іс-қимылдың жаңа форматы кітапхана саласын дамытудағы басты басымдықтар болмақ.
