SHYMKENT HUB: ART CODE – ҚҰБЫРЛАРДЫ БАҚЫЛАУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

Қазіргі заманғы инфрақұрылымның негізі – сенімді және тиімді жұмыс істейтін құбыр жүйелері. Алайда, уақыт өте келе бұл жүйелер тозуға ұшырап, ақаулар пайда болуы мүмкін. Осы мәселені шешу жолында Shymkent Hub –тың резиденті  ART CODE стартапы құбырларды ақылды диагностикалаудың жаңа технологиясын ұсынып отыр.

«ART CODE стартапы құбырлардың ішкі жағдайын анықтау үшін акустикалық резонанс әдісін қолданады. Бұл – роботтандырылған кешен мен жасанды интеллектті біріктіретін инновациялық тәсіл. Бұл технология құбырлардың ішкі бетін толықтай сканерлеп, бұрын-соңды мүмкін болмаған дәлдікпен ақауларды анықтауға мүмкіндік береді» дейді «ART CODE» ЖШС-ның құрылтайшысы Әзілхан Бапаев.

Жоба авторының түсіндіруінше, ART CODE технологиясы құбырдың ішкі және сыртқы жағдайы туралы толыққанды және нақты деректерді ұсынады. Бұл ақпарат құбырдың қаншалықты тозғанын, қандай ақаулар бар екенін анықтауға көмектеседі. Алынған деректер негізінде  қай жерде бірінші кезекте жөндеу қажет екенін анықтауға болады. Бұл ресурстарды тиімді пайдалануға және ірі апаттардың алдын алуға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, ақылды диагностикалау жүйесі арқылы тек қажетті жерлерде ғана жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Бұл жөндеу шығындарын азайтып, бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді. Технология құбырдың болашақтағы қауіпсіз пайдалануына қатысты нақты ұсыныстар жасайды. Бұл құбыр жүйелерінің ұзақ мерзімді және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді.

ART CODE шешімінің негізгі элементі – құбырішілік инспекциялық құрылғы. Бұл құрылғы құбырдың ішкі бетін 360° сканерлеп нақты деректерді жинайды. Жиналған деректер Big Data мен аналитикаға сүйеніп, терең талдаудан өтеді. Бұл коммуналдық және өндірістік жүйелердің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етеді.

«ART CODE технологиясы жылу желілері, су құбырлары, кәріз жүйелері және өнеркәсіптік және технологиялық құбырлар салаларында кеңінен қолданылады. Бұл қысқы маусымда жылудың үзіліссіз берілуін қамтамасыз етеді және таза ауыз судың сапалы берілуін бақылайды.Зауыттар мен өндіріс орындарындағы маңызды процестердің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырады» деп атап өтті Әзілхан Бапаев.

ART CODE стартапының бұл инновациялық шешімі құбыр жүйелерінің қызмет ету мерзімін ұзартып, олардың сенімділігін арттыруға бағытталған. Shymkent Hub -тан шыққан бұл технология Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғыртуға және оны заманауи талаптарға сай етуге зор үлес қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар