Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» еліміздің әрбір өңірінде, әрбір кәсіпорнында еңбек адамдарының маңыздылығын айқындап, олардың еліміздің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтуге мүмкіндік берді.
Осы орайда Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның еңбек ұжымындағы жұмысшы мамандықтарының рөлі ерекше бағалауға тұрарлық. Осы білікті мамандардың қатарында, кәсіпорында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан, өзінің адал еңбегімен көзге түскен тұлғалар бар. Солардың бірі – Үсен ҚОНЫСБАЕВ.
Үсен Қонысбаев Кентау трансформатор зауытында 20 жылдан бері оператор қызметін атқарып келеді. Өндіріс саласына алғаш қадам басқан күннен бастап, ол осы күрделі әрі маңызды істің қыр-сырын терең меңгеріп, білікті маманға айналған. Қазіргі таңда Үсен Қонысбаев өндіріс жүйесінің барлық кезеңін мұқият қадағалайды. Трансформатор құрастырудың бастапқы процесінен бастап, дайын өнімнің соңғы сынақтарына дейінгі әрбір сатылы жұмыс оның бақылауынан өтеді.
Ол өндірістік талаптардың орындалуын үнемі назарда ұстап, тәжірибесі аз қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби өсуіне ықпал етеді. Үсен Қонысбаев жұмыс істейтін ауысымда 16 адам еңбек етеді. Осындай ұзақ жылдар бойы бір салада еңбек еткен мамандардың тәжірибесі зауыт үшін де, жас қызметкерлер үшін де үлкен мектеп болып табылады.

Қазақстан Республикасының электр техникасы саласындағы ірі өндірістік кәсіпорындарының бірі – Кентау трансформатор зауыты. Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл зауыт еліміздің энергетикалық жүйесін тұрақты қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Зауыттың өндірістік желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі, шығарылатын өнімнің жоғары сапасы мен сенімділігі – мұның бәрі онда еңбек етіп жүрген мыңдаған мамандардың жауапкершілігі мен кәсібилігінің нәтижесі.
Кентау трансформатор зауытының бүгінгі жетістігі – осындай қарапайым еңбек адамдарының, Үсен Қонысбаев сияқты адал да жауапкершілігі мол мамандардың еңбегінің жемісі. Олардың кәсібилігі мен адалдығы – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық дамуының кепілі.
