ШАУҒАР СЕКТОРЫ: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 42 ЖАҢА АЯЛДАМА ОРНАТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың саясатында халықтың үнін есту, олардың мұң-мұқтажын түсіну және әрбір азаматтың құқықтары мен мүдделерін қорғау – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты міндеттерінің бірі. Әкімдердің халықпен жүздесуі бұл принципті іске асырудың нақты көрінісі. Мұндай кездесулер әкімдерге өздері басқаратын аумақтағы өмірдің шындығын, тұрғындардың күнделікті мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл тек ресми есеп беру емес, керісінше, азаматтардың белсенділігін арттыруға, олардың қоғамдық өмірге араласуына жол ашатын маңызды қадам.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының Шауғар секторының тұрғындарымен өткізген кездесуі осы бағыттағы жұмыстың айқын дәлелі болды. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырып жүрген бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласы жаңа серпінмен, қарқынды даму жолына түсті. Әсіресе, инфрақұрылым саласындағы ауқымды жұмыстар қаланы заманауи талаптарға сай етіп, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлылықты арттыруда.

Инфрақұрылым саласындағы жұмыстардың қарқынды жүріп жатқаны, әсіресе, Шауғар секторында айқын көрінеді.  Бүгінгі таңда Шауғар секторында ауыз суға қосылу деңгейі 99,5 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш тұрғындардың сапалы ауыз суға қолжетімділігін айтарлықтай арттырғанын көрсетеді.

Кәріз жүйесін кеңейту бағытында үш ірі жоба белсенді түрде іске асырылуда.

1-кезек: 104,7 шақырым желінің 103 шақырымы тартылып, бұл жоба 2026 жылға дейін жалғасады.

2-кезек: Бұл кезеңдегі құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталады деп жоспарлануда.

3-кезек: 172 шақырым кәріз желісін тарту жұмыстары қазіргі уақытта жалғасуда.

Айта кетейік,  Тәуке хан даңғылынан вокзал аумағына дейінгі көшелерді кәріз жүйесіне қосу жұмыстары 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Бұл жобалар қаланың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Шауғар секторында қаланы абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл 3 жаңа ойын және спорт алаңы салынды. Бұл жастар мен балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Абылай хан көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймақтары жасалды.

Төле би – Сабырханов көшелерінің қиылысындағы кішігірім архитектуралық формаларды (МАФ) орнату жұмыстары 95 пайызға орындалды.

Ш.Ниязов көшесіндегі жабық стадион құрылысының да 95 пайызы аяқталды. Бұл спорттық инфрақұрылымды дамытуға үлес қосады.

Жол инфрақұрылымын жақсарту – қаланың дамуындағы маңызды бағыттардың бірі. Сектордағы 36 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Бүгінгі таңда жұмыстар толық аяқталды.

Келесі жылы тағы 67 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл жолдардың сапасын арттырып, көлік қозғалысын жеңілдетеді.

Көшелердің 98 пайызы жарықтандырылған. Бұл кешкі уақытта қауіпсіздікті арттырып, қаланың көріктілігін күшейтеді.

Қоғамдық көлік жүйесін дамыту тұрғындардың қала ішінде еркін қозғалуына мүмкіндік береді.

Биыл қала аумағына 16 жаңа автобус әкелініп, бірнеше бағытқа қосымша көліктер енгізілді. Бұл қоғамдық көліктердің толысуын азайтып, жолаушыларға ыңғайлылық тудырады. Жыл басынан бері секторда 42 жаңа аялдама орнатылды. Бұл аялдамалардың қолжетімділігін арттырып, жолаушылардың күту уақытын қысқартады.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласындағы секторлық басқару жүйесі инфрақұрылымды дамыту, қаланы абаттандыру, жол сапасын жақсарту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру сияқты өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған тиімді тетік болып табылады. Шауғар секторындағы атқарылған жұмыстар осы жүйенің қаланың дамуына қосқан үлесін айқын көрсетеді. Бұл жұмыстардың жалғасуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын одан әрі арттыратыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар