ТҮРКІСТАНДА ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА АРНАЛҒАН ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама елдегі еңбек нарығын реформалауға, нарықтағы сұранысқа бейімделген кәсіби білім беруге, жұмысшы мамандарға жағдай жасауға және олардың беделін арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған. Осыған орай  Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік  университетінде «Еңбек» фотокөрмесі өтті.

Фотокөрме – университет басшылығының идеясымен жүзеге асып жатқан «Еңбек» медиажобасының бір бөлігі. Оқу ордасы мен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасы.

Жобаның мақсаты –  еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайту. Сондай-ақ, жастарға еңбек мәдениетін насихаттап, үлгілі тұлғаларды көрсетіп, университеттің көрінбейтін қаһармандары – жұмысшы мамандарының маңызды орнын айшықтау.

«Университетімізде түрлі деңгейде, түрлі тақырыпта маңызды іс-шаралар өтеді. Ал бүгінгі іс-шараның орны бөлек. Себебі университет тарихында мұндай көрме алғаш рет өтіп жатыр. Аталмыш іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы аясында өтуде. Университетте 400-ге жуық жұмысшы маман қызмет атқарады. Олардың арасында 10-30 жылдан бері осы жерде еңбек етіп жүрген мамандар бар. Сондықтан соларға арнап бүгінгідей жоба дайындадық. Жобаның жүзе асуына атсалысқан серіктестеріміз бен студенттерімізге ризашылығымды білдіремін. Жұмысшы мамандарымыздың маңдай тері мен адал еңбегі құрметке лайық. Университет дамуына үлес қосып жүрген сол жандарға үлкен  алғыс білдіремін!» деді Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік  университетінің ректоры Жанар Темірбекова.

Ал, ректор өкілінің міндетін атқарушы Нажи Генч ел тәуелсіздіктің мәңгі сақталуы үшін әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі аса маңызды екенін, соның ішінде жұмысшы мамандардың тынымсыз еңбегі мен маңдай тері ерекше мәнге ие екенін, сондықтан оларға  үлкен құрметке лайық екенін жеткізді.

Құттықтау тілектерден соң университеттің күнделікті жұмысын жүйелі ұйымдастырып, қажырлы еңбек етіп жүргені жұмысшы маманда басшылық тарапынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілінің м.а. Нажи Генч бастаған құрметті қонақтар фотокөрме лентасын салтанатты түрде қиды.

Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан «Amanat» партиясының хатшысы Шолпан Каринова фотокөрменің маңызын атап, ізгі ниетін жеткізді.

«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан еңбек адамдарын фотокөрме арқылы таныту – үлкен құрмет, игі бастама.  Бұл фотокөрме бір күн немесе бір ай емес, университет тарихында мәңгі сақталатын маңызды қадам деп білемін» деді ол өз сөзінде.

Көрмеде 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, университеттің шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлеріне ерекше назар аударылған. Олардың қатарында университет ашылғалы бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар, қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандар бар.

Айта кетейік, фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен Beine.Pro-ның визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірді.

Осылайша фотокөрме университеттің еңбекқорлық, адалдық пен құрмет құндылықтарын арқау етіп, жұмысшы мамандық иелерінің құрметке лайық ерен еңбегін көрсетті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар