ТҮРКІСТАН –ҚЫТАЙ: СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЙТЫЛУДА

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бастаған делегация Қытайдың іскерлік және сараптамалық ортасының өкілдерімен маңызды кездесу өткізді. Бұл кездесу екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға бағытталған стратегиялық қадам болды.

Кездесуге Қытайдың Дүниежүзілік сауда ұйымын зерттеу қоғамы кеңесінің мүшесі, «Huahe International» халықаралық бизнес-консалтингтік компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Лю Чуаньу бастаған жоғары деңгейдегі делегация қатысты. Сонымен қатар, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және сауда салаларында жұмыс істейтін ірі қытайлық компаниялардың өкілдері де бас қосты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті. Талқылаулардың негізгі бағыттары сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналды. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен өнеркәсібі, өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа кәсіпорындар ашу сияқты салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды егжей-тегжейлі баяндады. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 21 индустриялық аймақ, шағын өнеркәсіптік парктер және салықтық әрі кедендік жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық аймақ табысты жұмыс істеп келеді. Бұл инфрақұрылымдық мүмкіндіктер инвесторлар үшін тартымды жағдай тудырады. Сонымен қатар, өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада жетекші орында екендігі және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндікке ие екендігі атап өтілді.

«Түркістан облысы – жоғары экономикалық әлеуеті бар стратегиялық өңір. Біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек.

Өз кезегінде, қытайлық делегацияның басшысы Лю Чуаньу Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, қытайлық бизнес өкілдерінің Қазақстанмен, әсіресе Түркістан облысымен ынтымақтастықты кеңейтуге деген қызығушылығының жоғары екенін жеткізді. Ол «Huahe International» компаниясының 2010 жылы құрылғанын және Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы инвестициялық әріптестікті дамытуға маманданғанын атап өтті. Компания инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, нарықтық талдау жүргізу және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында белсенді жұмыс атқаратынын айтты. Бұл кездесу Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Тараптар алдағы уақытта да тығыз байланыс орнатып, бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруға келісті. Бұл ынтымақтастық екі елдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар