ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ БАСШЫЛАРЫ ТҮРКІСТАНҒА БЕЙРЕСМИ САММИТКЕ КЕЛЕДІ

15 мамыр күні Түркістан қаласында Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммитін қабылдайды. Саммиттің негізгі тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму».

Бұл – түркі әлемі үшін терең тарихи және символдық маңызы бар оқиға. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында осы маңызды саммиттің өтетінін мәлімдеген болатын. Ғасырлар бойы түркі өркениетінің рухани орталығы болып келген Түркістанда өтетін бұл кездесу, бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, түркі бірлігінің маңыздылығын айқындай түспек.

Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бейресми саммиттер мемлекет басшыларына еркін пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң ретінде қалыптасты. Бұл кездесулер, әдетте, ресми емес форматта өтіп, қатысушыларға ашық және сындарлы диалог құруға жағдай жасайды.

Биылғы бейресми саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырын тоғыстырған көне шаһар, бүгінде түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталықтарының біріне айналып келеді. Түркістанның киелі жері, тарихи мұрасы мен рухани байлығы, саммитке қатысушыларға ерекше атмосфера сыйлап, бауырлас елдер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Саммиттің басты тақырыбы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» болады деп жоспарланған. Бұл тақырыптың таңдалуы, қазіргі заманның өзекті мәселелеріне терең ой жүгіртуге және түркі әлемінің алдағы даму жолдарын айқындауға бағытталған. Түркістан төріндегі алқалы жиынға ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады деп күтілуде. Бұл, өз кезегінде, түркі әлемінің жаһандық аренадағы рөлін арттыруға және ортақ мәселелерді шешудегі белсенділігін күшейтуге септігін тигізеді.

Түркістан төрінде өтетін бұл маңызды кездесу, түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық байланыстарды бекемдеп қана қоймай, түркі әлемінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға да серпін береді. Бүгінде киелі шаһар, өз тарихындағы аса маңызды жиынды өткізуге қорытынды дайындықтарын пысықтап жатыр. Түркілер төріндегі маңызды басқосу, Түркі әлемін біріктіріп, бауырластық пен бірліктің туы биік желбірей түседі деген сенім мол. Бұл саммит, тек саяси және экономикалық ынтымақтастықты ғана емес, сонымен қатар мәдени және рухани байланыстарды нығайтуға да зор үлес қосады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар