ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ЭТНО-ТУРИСТІК КЕШЕН БОЙ КӨТЕРДІ

2026 жылғы 15 мамырда Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті өтеді. Саммит қарсаңында Түркістанға кіреберіс тұста қасиетті тайқазан орнатылды.

Тайқазан – Түркістан қаласының туристік және мәдени маңызын арттыратын, түркі халықтарының бірлігін айқындайтын символдық нысан, молшылық пен берекенің белгісі. Тайқазанды әуеден түсіргенде жанында Түркі мемлекеттері ұйымының туын көруге болады.

Оған қоса Түркістанда ұлттық мәдениетті насихаттауға және заманауи туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этно-туристік кешен бой көтерді. Кешеннің басты архитектуралық нысаны – диаметрі 31 м, биіктігі 15,5 м болатын алып киіз үй. Оның жалпы ауданы 707 м². Бұл нысан мәдени іс-шаралар, форумдар және этнофестивальдер өткізуге арналған.

Сонымен қатар шағын киіз үйлер де орнатылған. Жоба ұлттық дәстүрді заманауи форматта таныстырып, Түркістан қаласын халықаралық деңгейдегі туристік және мәдени орталық ретінде дамытуға ықпал етеді.

Бұл маңызды жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесте бірнеше рет талқыланды. Нәтижесінде тиісті шешім қабылданып, Түркістан қаласы қысқа мерзімде жаңа рухани нысандармен толықты.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар