КЕЛЕС: АУЫЛДАРҒА 6 МЫҢНАН АСТАМ ЖАРЫҚШАМ ОРНАТЫЛДЫ

Келес ауданында елді мекендердің ішкі көшелерін жарықтандыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Аудан әкімдігі мәліметінше, 83 елді мекенде орналасқан 510 ішкі көшенің 290-ына көше жарықшамдары орнатылған. Жалпы аудан аумағында 6 754 жарықшам бар, оның 6 456-сы елді мекендердің ішкі көшелерінде, ал 298-і А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан. Осы көрсеткіштер негізінде аудан көшелерінің жарықтандырылу деңгейі 56,8 пайызды құрап отыр. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық еткен кезекті аппараттық мәжілісте баяндалды.

Мәжілісте күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Елдос Келесбай минералды жолақтарды жырту жұмыстары туралы ақпарат берді. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан бойынша жалпы 533,23 шақырым минералды жолақ жырту жоспарланған. Қазіргі таңда Ақтөбе, Алпамыс батыр, Бірлесу, Біртілек, Жамбыл, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтеріндегі жұмыстар толық аяқталған. Қалған жұмыстарды 15 мамырға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

 

Сонымен қатар, мәжілісте аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстарының барысы да қаралды. Аудан аумағында зерттелетін жер көлемі 217 960 гектарды құрайды, оның 143 350 гектарына химиялық өңдеу жүргізілген. Бұл жұмыстар 19 сектор бойынша ұйымдастырылып, оған 220 анықтаушы, 38 жауапты маман, ветеринария қызметкерлері және 150 ерікті тартылған. Қазіргі таңда барлық секторларда дәрілеу жұмыстары толық аяқталып, қайта бақылау және мониторинг жүргізілуде.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне көше жарықтарын қалпына келтіру, минералды жолақтарды белгіленген мерзімде аяқтау және шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар, аудан басшысы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетіп жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта жергілікті бюджет пен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ қоғамдық бақылауды күшейту маңызды екені баса айтылды.

Жалпы, Келес ауданының даму стратегиясы кешенді әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсарып, тұрғындардың әл-ауқаты артуда. Алдағы уақытта да аудан әкімдігі мен жауапты құрылымдар халықтың сенімін ақтап, тұрақты даму жолында табанды еңбек етуді жалғастырады.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар