Түркістан облысында мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен идеологиялық кеңес отырысына құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қатысты.
Жиында өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, мәдениет пен руханият саласындағы жұмыстарды жандандыру мәселелері қаралды. Ертай Алтаев жауапты басшыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтетін «Есірткісіз болашақ» нашақорлыққа қарсы форумына дайындық барысы талқыланды. Осы бағытта 10 күндік профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Кеңес отырысында Түркістан қаласының 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атануына байланысты туристік әлеуетті арттыру мәселесіне де назар аударылды. Атап айтқанда, туроператорлармен байланысты нығайту, туристер тарту және өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімінің орынбасары тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертіп, идеологиялық бағыттағы жұмыстарды жүйелі әрі сапалы жүргізуді тапсырды.
