ШАРДАРА: САЙЛАУ НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шардара ауданында алдағы Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Қоссейіт, Көксу, Ұзын-ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақшеңгелді, Достық ауылдық округтерінде орналасқан №864, №865, №866, №907, №867, №868, №869, №908, №870, №871, №872, №873, №874, №875 учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған арнайы оқыту семинары өткізілді.

Бұл шараның негізгі мақсаты — сайлау процесіне қатысатын комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыру, заң талаптарын нақты түсіндіру және дауыс беру күні жұмыстардың жүйелі әрі ашық ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.

Сайлау науқанының сапалы өтуі ең алдымен учаскелік сайлау комиссияларының біліктілігіне тікелей байланысты. Комиссия мүшелері сайлау учаскесіндегі негізгі ұйымдастырушы буын ретінде дауыс беру барысын бақылап, сайлау құжаттарын дұрыс рәсімдеуге, азаматтардың құқықтарын сақтауға және рәсімдердің заңға сай өтуіне жауап береді.

Осы тұрғыдан алғанда ұйымдастырылған оқыту семинары комиссия мүшелеріне тәжірибелік әрі әдістемелік қолдау көрсетудің тиімді тетігі болды. Семинар барысында қатысушыларға сайлау кезіндегі жауапкершілік, құжат айналымының тәртібі және дауыс беру процесін басқарудың негізгі қағидалары жан-жақты түсіндірілді.

Семинар барысында Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С. Кошалиев сайлау науқанын өткізу кезіндегі бірқатар маңызды бағыттарға тоқталды. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастырудың негізгі талаптары; дауыс беру процесін дұрыс жүргізу тәртібі; сайлау құжаттарымен жұмыс істеу ережелері; комиссия мүшелерінің қызметтік жауапкершілігі сияқты маңызды тақырыптарды қамтыды. Әсіресе құжаттарды толтырудың нақтылығы мен дауыс беру кезеңіндегі тәртіптің сақталуы ерекше назарға алынды. Себебі сайлау үдерісінде әрбір рәсімнің заң талаптарына сәйкес орындалуы бүкіл науқанның сенімділігіне әсер етеді.

Мұндай оқыту семинарлары сайлау комиссиялары мүшелерінің білімін жетілдіруге, практикалық машығын арттыруға және ықтимал мәселелерге алдын-ала дайын болуына мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері үшін мұндай кездесулер тек теориялық ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар нақты жұмыс барысында қолданылатын маңызды нұсқаулық болып саналады.

Сайлау процесінің ашық, әділ және заңға сай өтуі — мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі. Сондықтан учаскелік комиссиялардың әрбір мүшесі өз міндетін жоғары жауапкершілікпен атқаруы қажет. Осы бағыттағы оқыту шаралары олардың жұмыс сапасын арттырып, сайлау күніндегі ұйымдастыру деңгейін күшейтеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар