Қазығұрт ауданында сайлау процесіне қатысушы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және құқықтық мәдениетін жетілдіру мақсатында арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Маңызды іс-шараға Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытбек Хасанов, облыстық аумақтық комиссия мүшелері Қайратбек Мырзакелдиев пен Бақтияр Өскенбаев арнайы қатысты.
Семинардың ауқымы кең болып, оған тек жергілікті емес, көршілес аудандардың да өкілдері жұмылдырылды. Жиынға келесі Сайрам, Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері жиналды.
Семинардың ерекшелігі — каскадтық оқыту (сатылы әдіс) форматында өтуі. Мұнда алдымен бас тренерлер орталықтан білім алып, кейін сол алған тәжірибесі мен әдістемелік құралдарын аймақтардағы әріптестеріне тізбекті түрде үйретеді. Бұл ақпараттың барынша дәл әрі сапалы жетуін қамтамасыз етеді.
Сессияны Қазығұрт аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Рамазан Бобетов басқарды. Өз сөзінде облыстық комиссия төрағасының орынбасары Бақытбек Хасанов сайлау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін үнемі жоғарылата түсудің және сайлау процесін сапалы ұйымдастырудың стратегиялық маңыздылығына ерекше мән берді.
Оқу бағдарламасы аясында сайлау комиссияларының қызметінің негізгі бағыттары, дауыс беру тәртібі, дауыс парақшаларын санау және қорытынды жасау ережелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, сайлаушыларды ақпараттандыру, күтпеген жанжалды жағдайларда дұрыс әрекет ету және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толық қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады.
Семинардың соңында қатысушылардың білім деңгейін тексеру мақсатында тестілеу өткізілді. Комиссия мүшелері алған білімдерін бекіту үшін тест тапсырып, тәжірибе алмасу арқылы сайлау науқандарын ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл іс-шара сайлау заңнамасын бірізді қолдануға, процестің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге және сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін шыңдауға бағытталды.
