ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЖОБАЛАРЫ АЯСЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРДЫ

Елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шараларға тек құқық қорғау органдары ғана емес, әлеуметтік жауапкершілікті сезінген кәсіпкерлер де белсенді атсалыса бастады. Осының жарқын мысалы ретінде Төлеби ауданындағы игі бастаманы атап өтуге болады.

Төлеби ауданының тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға жергілікті кәсіпкер Сәкен Мәженов елеулі үлес қосты. Ол өңірдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жеке қаражаты есебінен жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеуден өткізіп, қажетті жол белгілері мен арнайы жылдамдық бәсеңдеткіштерді орнатты.

Бұл игі шаралар Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Айқын нәтиже» және «Кәсіпкерлерден 100 нақты қадам» жобалары аясында жүзеге асырылды. Қазіргі таңда аталған жобалардың өңірде іске асырылу барысы қадағалау органы басшылығының жеке бақылауында тұр.

Айта кетейік,  ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловтың тапсырмасымен іске қосылған «Айқын нәтиже» пилоттық жобасы «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған. Прокуратура мен ішкі істер органдары бірлесе отырып, мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруде. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстың ашылуына кедергі болатын себептерді жою.

Ал, «Кәсіпкерлерден 100 нақты қадам» жобасы Түркістан облысы прокуратурасының бастамасы. Бұл жоба бизнес өкілдерін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және туған өлкенің дамуына белсенді қатысуға шақырады.

Бұл бастамалардың негізгі құндылығы — олардың кешенді сипатында. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысына кәсіпкерлердің қаржылық және ұйымдастырушылық қолдауы қосылғанда, нәтиже әлдеқайда тиімді болады. Сәкен Мәженовтің бұл қадамы тек жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қоймай, туған жерге деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісіне айналды.

Түркістан облысы прокуратурасының азаматтардың құқықтарын қорғауға және өңірді өркендетуге бағытталған жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Төлебилік кәсіпкердің бұл бастамасы өңірдегі өзге де бизнес өкілдері тарапынан қолдау тауып, қауіпсіз әрі жайлы Қазақстанды бірге құруға серпін береді деп сенеміз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар