Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарда санитариялық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын бақылау күшейтілді. Бұл іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қолға алынып отыр. Осы мақсатта арнайы құрылған жұмысшы топ кәсіпкерлік нысандарды аралап, санитариялық талаптарды сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және көркейту-көгалдандыру мәселелері бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Кезекті рейдтік іс-шара халқының саны 20 мыңнан асатын Атакент кентінде ұйымдастырылып, оған кент әкімі, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар саласының мамандары және өзге де жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Рейд барысында жұмысшы топ сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындары, қызмет көрсету мекемелері мен өзге де кәсіпкерлік субъектілерін аралап, санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру, сыртқы келбетін жаңарту, іргелес аумақтарды тұрақты тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, заңсыз орналастырылған жарнамалар мен артық заттарды алып тастау, сондай-ақ қоршаулар мен кіреберістерді талапқа сай ұстау жөнінде нақты ұсынымдар берілді.
Жұмысшы топ мүшелері тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір тұрғын мен кәсіпкердің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, кенттің көркеюіне, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға кәсіпкерлердің қосар үлесі ерекше екені айтылып, ауданның санитариялық тазалығы мен эстетикалық келбетін жақсартуға белсенді атсалысуға шақырды.
Іс-шара барысында санитариялық талаптарды сақтамаған жағдайда заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары түсіндіріліп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде ескертулер мен ұсынымдар берілді, тіпті кейбір кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік айыппұлдар салынды, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы мұндай түсіндіру және мониторинг жұмыстары Мақтаарал ауданының барлық елді мекендерінде кезең-кезеңімен жалғаса береді, өйткені негізгі мақсат – тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында санитариялық мәдениетті нығайту, елді мекендердің көркін арттыру және тұрғындар үшін таза, қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру болып табылады.
