КЕНТАУДА ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ: КВОТА БОЙЫНША 15 АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан Мемлекет басшысының саясаты халықты, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған және еңбек нарығында қолдауды қажет ететін азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған жүйелі шаралармен ерекшеленеді. Осы бағыттағы жұмыстар Кентау қаласы бойынша да қарқынды жүргізіліп, нәтижесін бере бастады. Аталған бағыттағы іс-шараларды үйлестіруде Кентау қаласының әкімдігі маңызды рөл атқарып, қала әкімі Жандос Тасовтың тікелей бақылауымен әлеуметтік маңызы бар бастамалар назардан тыс қалмай келеді.

Кентау қаласы Мансап орталығының басшысы Нұркен Бекбаевтың мәлімдеуінше, 2026 жылға арналған жұмыс орындарына квота белгілеу жүйесі толыққанды жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, пробация есебінде тұрған 7 азаматқа, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған 1 адамға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 жас маманға және мүгедектігі бар 11 тұрғынға арнайы жұмыс орындары квоталанған.

Жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жүріп, пробация есебіндегі 6 азамат, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған 1 азамат және мүгедектігі бар 8 адам өз орындарына орналастырылды.

Жұмыс орындарына квота белгілеу — мемлекеттің әлеуметтік жағынан осал топтарға, яғни мүгедектігі бар адамдар мен жастарға, жұмыс табуда тең мүмкіндік беру мақсатында енгізілген міндетті механизм болып табылады. Бұл жүйе бойынша жұмыс берушілер өз мекемелерінде белгілі бір санаттағы азаматтар үшін арнайы орындар бөлуге тиіс, себебі осылайша мемлекет халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын жұмыспен қамтып, олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, заңмен белгіленген бұл талапты орындамаған жұмыс берушілерге қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары да қарастырылған, бұл өз кезегінде аталған санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың пәрменді кепілі саналады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар