КЕНТАУ: ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА 80,3 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕЛІК 7 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Кентау қаласы бүгінде Түркістан облысының ірі өндірістік орталықтарының бірі ретінде өзінің экономикалық әлеуетін арттыру жолында қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қаладағы инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсарту және жаңа өндіріс ошақтарын ашу мақсатында жалпы құны 229,2 миллиард теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілді. Бұл ауқымды бастамалар толықтай іске қосылған кезде, өңірде барлығы 1513 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, қала экономикасына зор серпін береді. Бұл туралы Түркістан облысы Кәсіпкерлік палатасы Кентау қалалық филиалының директоры Мұрат Садуов  мәлімдеді.

Кәсіпкерлік палата өкілінің айтуынша, Кентау қаласында жалпы саны 13 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның ішінде өнеркәсіп саласында – 7, туризм саласында – 4, ал энергетика мен агроөнеркәсіптік кешенде бір-бірден жоба қолға алынып, жүзеге асырылады.

Өнеркәсіп саласы бойынша жалпы құны 80,3 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаның екеуі жуырда іске қосылды. «Тұран» арнайы экономикалық аймағында «Kentau Cable Industries» ЖШС-ның құны 1 миллиард теңгелік жоғары жылдамдықты интернетке арналған оптикалық кабель шығаратын зауыты іске қосылып, кабель – 33 мың км/жыл және микротруба пакеті – 12 мың км/жыл қуаттылығымен жұмыс істеуде, мұнда 100 адам еңбек етеді. Сондай-ақ, «Тұран» АЭА аумағындағы «ElectroCore» ЖШС-ның құны 1 миллиард теңгелік электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығаратын зауыты да жұмысын бастады, кәсіпорын жылына 10 мың дана үздіксіз қуат көзі мен 12 мың дана телекоммуникациялық шкаф өндіріп, 100 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кентау индустриалды аймағында өндірістік қуатты арттыруға бағытталған өзге де жобалардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, «Айдар Строй Групп» ЖШС-ның құны 2,5 миллиард теңгелік, уран өндіруші кәсіпорындарға арналған модульдік контейнерлер мен металл бұйымдарын шығаратын зауытының іргетасы құйылып, өндірістік алаң салу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін іске қосылатын бұл жоба 150 адамды жұмыспен қамтып, жылына 400 дана модульдік контейнер шығарады деп күтілуде. «Сапар Құрылыс — С» ЖШС-ның құны 400 миллион теңгелік металл өндірісі цехын да жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған, ол 50 адамға жұмыс орнын ұсынады. Тағы бір жоба – «Кентау аспап құралдары» ЖК-ның 400 миллион теңгелік темір бұйымдарын жасау цехы. Мұнда өндірістік кешен салынып, құрал-жабдықтар толығымен жеткізілді, қазіргі таңда қабылдау актісін тіркеу жұмыстары жүргізілуде, нәтижесінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Сонымен қатар, Кентау қаласының аумағында «Казойлэнерджи» ЖШС-ның металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша құны 63 миллиард теңгелік (екі кезең бойынша) кен байыту комбинатының құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталды және 70 пайыз құрал-жабдық жеткізілді. 2026-2027 жылдары іске қосылатын бұл алып кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтып, жылына 500 мың тонна өнім өңдейді. Ал «ГРК МеталИнвест» ЖШС-ның құны 12 миллиард теңгелік барит концентратын өндіру зауытының жобасы индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. 2025-2027 жылдар аралығында іске асырылатын зауыт 343 адамды жұмыспен қамтып, жылына 200 тонна өнім шығаруды көздеп отыр, қазіргі таңда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Түйіндей айтсақ, Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жергілікті экономиканың тұрақты дамуына тың серпін береді. Бұл бастамалардың іске қосылуы жаңа өндіріс ошақтарын ашып қана қоймай, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік туғызады. Өнеркәсіп, туризм және энергетика салаларын қамтитын кешенді жұмыстар Кентауды облыстағы басты экономикалық орталықтардың бірі ретінде нығайтып, қаланың болашақ дамуына берік негіз қалайды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар