«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ОТЫРАР АУДАНЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ БҰЗҒАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты қоғам санасын жаңғыртып, әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамға айналды. Осы орайда киелі Отырар ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруге және құқықтық тәртіпті қатаң сақтауға айрықша назар аударылуда. Аталған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданда арнайы мобильді топ жасақталып, ауқымды жұмыстарға кірісті.

Құрылған мобильді топтың қатысуымен аудан аумағындағы саябақтар, скверлер, жағалау аймақтары, демалыс орындары мен халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралардың басты мақсаты – табиғат пен қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету, сондай-ақ заңбұзушылықтардың алдын алу және оларға жол бермеу. Аумақты аралау барысында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тазалық қағидаларын бұзудың бірнеше дерегі әшкереленіп, тиісті құқықтық шаралар көрілді.

Атап айтқанда, рейд кезінде қоғамдық орындарда, демалыс аумақтарында, саябақтар мен базар маңында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары бойынша заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының 1-бөлігіне сәйкес төрт құқық бұзушылық тіркеліп, оларға қатысты заңды шешім шығару мақсатында жинақталған барлық іс-құжаттар Отырар аудандық сотына жолданды. Сонымен қатар, аталған кодекстің 505-бабының 1-бөлігімен де төрт құқықбұзушылық анықталып, заң шеңберінде тиісті шаралар қабылданды. Бұл бап бойынша бір тұлғаға хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынса, қалған үш тұлғаға заң талаптары түсіндіріліп, ескерту жасалды.

Мұндай шаралар тек жазалау немесе айыппұл салумен шектелмейді. Басты мақсат – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және туған жерге деген жанашырлық сезімін ояту. Рейдтік іс-шаралар барысында мобильді топ мүшелері тұрғындармен кездесіп, қоғамдық орындарда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны ластамау, кез келген құқықбұзушылыққа немқұрайлы қарамау және қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау жөнінде кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға тазалық пен тәртіптің әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екендігі баса айтылды.

Қорыта айтқанда, Отырар ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру бағытындағы рейдтік және профилактикалық жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде жалғасып, аудан аумағының тазалығы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда ұсталатын болады. Өйткені тазалық пен тәртіп сақталған жерде ғана береке мен өркендеу болары сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар